Биыл шілде айында «СарыарқаАвтоПром» зауытында Renault кроссоверлері ірі торапты (SKD) әдіспен құрастырыла бастады.
Қостанайда алдымен Arkana мен Kaptur конвейерге шыққан, енді топтама екінші буындағы Duster-мен толығып отыр. Елде құрастырылған машиналар сатылымға да шықты.
Бағалар тізіміне қарасақ, екінші буындағы Renault Duster-дің арзандағаны байқалады. Бұрын 8.2 млн теңге болған ең қарапайым Life жиынтығы (1.6 литрлік атмосфералы мотор, механикалық қорап және толық жетек) енді 7.4 миллионға сатылады. TCe 150 турбомоторы (1.3 литр) мен X-Tronic вариаторы бар ең үздік Style нұсқасы 606 мыңға арзандап, 9.7 млн теңгеге бағаланып отыр. Айта кетерлігі, бұл машинаның өндіруші ұсынған бағасы, қосымша опциялар үшін дилер ақша қосатынын ескерсек, автосалондағы құны өзгеше болуы мүмкін.
Көліктің арзандағаны әрине жақсы. Бірақ Қостанайда құрастырылыған Duster-дің нұсқа саны айтарлықтай аз. Бұрын Life, Drive және Style жиынтықтары әртүрлі мотор және беріліс қорабымен 4-5 нұсқада ұсынылатын. Life енді 1.6 литрлік мотор және механика немесе 1.3 литрлік мотор және вариатормен ғана қолжетімді. Drive тек 1.3 литрлік мотор және механикамен ұсынылады, ал Style-да CVT вариаторы мен турбомотор ғана бар. 1.5 литрлік дизельді мотор мен 2 литрлік атмосфералы қозғалтқыш топтамадан алынды.