Бәйтерек Холдингі мен Raiffeisen Waren GmbH Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыттарын құру перспективаларын талқылады.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Рустам Қарағойшин «Raiffeisen Waren GmbH» компаниясының бас атқарушы директоры Марио Зоземен кездесті. Кездесу стратегиялық ынтымақтастық перспективаларын және Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналды.

Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы серіктестікті дамыту мүмкіндіктерін, оның ішінде қазақстандық фермерлер үшін заманауи ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу және қаржыландыру нұсқаларын талқылады. Қазақстан Республикасында сервистік орталықтар мен Fendt және Valtra жабдықтарын құрастыру зауытын құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

«Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы стратегиялық серіктес болып келеді. «Бәйтерек» холдингі неміс компанияларымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және бұл ынтымақтастықты, әсіресе агроөнеркәсіптік секторда нығайтуға ұмтылады. Біз Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Қазақстанда қазірдің өзінде компанияны тіркегенін көргенімізге қуаныштымыз – бұл одан әрі ынтымақтастық пен біздің нарықтағы позицияңызды нығайту үшін маңызды қадам», — деп атап өтті Рустам Қарағойшин.

Ол сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» компаниясының Fendt және Valtra сияқты өндірушілерден техникалар мен жабдықтарды лизингке алуда сәтті тәжірибесі бар екенін атап өтті. Соңғы 25 жылда «ҚазАгроҚаржы» арқылы құны 3,9 млн еуроны құрайтын 34 бірлік техника берілді.

Raiffeisen Waren GmbH бас атқарушы директоры Марио Зозе Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын құруға қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді және қазақстандық фермерлер үшін заманауи ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыратын және Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды күшейтетін бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Raiffeisenbank еншілес банкі Астана қаржы орталығында тіркелгені айтылған.