2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында негізгі капиталға 11,5 трлн теңге инвестиция құйылды (+14,3% жылдық өсім). Оның 7,1 трлн теңгесі (+17,7%) құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалды.

Ал техника мен жабдыққа кеткен қаржы небәрі +2,5% өсті. Бұл – экономиканың жаңа ғимараттар тұрғызғанымен, өндірістік қуатты жаңартпай отырғанын көрсетеді.

Бюджет пен сыртқы капиталдың үлесі

Мемлекеттік инвестициялар – 2,7 трлн теңге (барлық көлемнің 23%-ы). Бірақ бұл қаржы да негізінен құрылыс пен инфрақұрылымға бағытталған.

Шетелдік инвестицияның үлесі небәрі 16,2%. Демек, өсім негізінен ішкі ресурстарға сүйеніп отыр, ал тікелей шетелдік инвестиция әлі де әлсіз.

Өңдеу өнеркәсібіндегі сигнал

Өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары (+34,3%), бірақ шілдемен салыстырғанда қарқыны бәсеңдеді (+38,7%). Бұл – ұзақмерзімді динамика үшін жаңа драйверлердің жеткіліксіз екенін көрсететін белгі.

Өңірлердегі жағдай

Инвестициялық өсім бойынша алдыңғы орында:

Ақмола облысы – +49%,

Ақтөбе – +39%,

Астана – +36%,

Алматы – +26%,

Түркістан – +25%.

Керісінше, Атырау облысында –30% құлдырау тіркелді. Шымкент те баяулап, шілдедегі +25,9%-дан тамызда +9,5%-ға түсіп кетті.

Сарапшылар пікірі

Economykz.org сарапшылар үш түрлі сценарий ұсынатынын жазды. Біріншіден, инерциялық сценарий. Құрылыс пен инфрақұрылым басым болып қала береді, ал өндірістік жабдық елеусіз қалады. Қысқа мерзімде өсім бар, бірақ өнімділік төмендейді. Тепе-теңдік сценариі бойынша қаржының бір бөлігі машина жасау, агроөңдеу және цифрландыруға бағытталады. Бұл құрылысқа тәуелділікті азайтады. Үшіншісі –инновациялық сценарий. Шетелдік инвестиция үлесі 20–25%-дан асып, қаражат жоғары технологиялар мен зерттеу-жобалауға кетеді. Бұл ұзақмерзімді өндірістік әлеует қалыптастырады.