Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемелкеттік сапарында көлік және тасымал саласына көп көңіл бөлінді.
«Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей «Бір белдеу – бір жол» бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде экономикалық ықпалдастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін бағыттарды атады, олар:
- Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан бидай және ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді.
- Жыл сайын 5 миллион тоннадан көп астық және 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Жуырда біз Қытайға 1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Бірақ, мұнымен шектелмейміз. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады.
- Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе (113 мың тоннадан 405 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 2 есе (50 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін) көбейді.
- Қазір еліміздегі жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі – 4,5 пайыз. Оны 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұр.
- Тұрғысын өзенінде екінші және үшінші су электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылмақ. Сондай-ақ, 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасын салу туралы келісім-шарт жасалады. Бұл уағдаластықтар Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін.
- Біз KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз.
- Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды.
- Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда.
- Біздің еліміз Қытайдың «Бір белдеу – Бір жол» бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі болып отыр. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алады.
- Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады.
- Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.
- Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.
- Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады.
- Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз.
- Жаңа туристік бағыттар ашып отырамыз. Қазір Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілді. Сондай-ақ, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді.
- Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.
- Жалпы, біздің елдегі инвестициялық ахуал өте жақсы. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын.