Астықты терең өңдеу зауыты Қытай инвесторларының қатысуымен Ақмола облысындағы Aqmola индустриялық аймағының аумағында салынады. Ақмола облысының әкімдігі, KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы және Dalian Hesheng Holding Group Co., Ltd. компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге бүгін жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2024) аясында қол қойылды. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Құны шамамен 650 млн доллар болатын жоба мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрады және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту жолындағы маңызды қадам болады. Кәсіпорын қосылған құны жоғары өнімдерді, Еуропаға, Араб әлемі мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттауға арналған басқа да туындыларды шығаратын болады», — деп хабарлады әкімдік.

Өңір әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, аталған Меморандумға қол қою халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық саладағы экономикалық байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады.

«Бұл құжат ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашады және еліміздің жетекші аграрлық өңірі ретіндегі ұстанымымызды нығайтады. Қол қойылған меморандум – бұл астықты терең өңдеу зауытын салу жөніндегі ірі жобаны іске асырудың бастамасы... Бұл нарықтық құны бойынша 1 млн тоннадан астам астық сатып алынатын ақмолалық фермерлер үшін де тиімді», — деді өңір басшысы.

Бұл жобаны іске асыру Ақмола облысына жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторында жаңа бағыттарды дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Dalian Hesheng Holding Group Co., Ltd. - агроөнеркәсіптік қызметке, инфрақұрылымдық инвестицияларға және құрылысқа маманданған жетекші қытайлық компания. Компания ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы озық технологиялардың және тұрақты инновациялық шешімдердің арқасында өзін танытты.