Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияның негізгі себебі ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңсіздік екенін айтты.
«Елдегі инфляцияның негізгі себебі – ұсыныс пен сұраныс арасындағы теңсіздік. Сұраныс ұсыныстан асып түседі. Экономикада бізге қарапайым нәрселер жетіспейді: қазақстандықтар күнделікті өмірде пайдаланатын заттар. Сол себепті олар бір нәрсені басқа елдерден, импорт арқылы сатып алуға мәжбүр. Ал қандай да бір заттарды импорттаған кезде, біреулер үшін премиум нарыққа айналасың, сондықтан баға өседі», – деді Жұманғарин.
Ол 20 қарашада, министрлік 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасын Сенатта қорғайтынын атап өтті.
«Бұл – жеткілікті қатаң бюджет. Біз өңірлерді қаржыландыруды шектейміз және оларды өз кіріс көздерін дамытуға және қолдауға ынталандырамыз. Ал бұл, ең алдымен, шағын және орта бизнесті дамыту. Екінші жағынан, республикалық деңгейде біз өндірісті дамыту үшін даму институттарын капиталдандыруға қаражат бағыттаймыз», – деді ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, үкімет апта сайын бағаны тұрақтандыруға арналған кеңестер өткізеді. 2026 жылдың қыс және көктем маусымдарына арналған ірі тұрақтылық қорлары дайындалған, олардың құрамына негізгі көкөністер, ет, жарма өнімдері енгізілген.
Айта кетсек, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасында ақша тым көп екенін және бұл инфляцияның өсуіне әкеліп отырғанын айтқан еді. Оның айтуынша, айналымдағы ақша көлемі 18% өскен. Бұл экономиканың шамадан тыс қызып кетуіне себеп болған.