2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Оның айтуынша, басты көрсеткіш – ІЖӨ-нің өсімі, ол 6,4%-ға жеткен. Негізгі драйверлер өсімі 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдеген өнеркәсіп пен 6,1% ілгерілеген ауыл шаруашылығы болды. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%, құрылыс 14,7% өсті, ал сауда 8,8% артты.
«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», — деп түйіндеді вице-премьер.
Тау-кен металлургиясы, мұнай-газ және аграрлық секторлардың қажеттіліктерінің өсуі жүк тасымалының тұрақты оң серпінін қамтамасыз етті. Үкімет отырысында 11 ай ішінде саланы дамыту қорытындылары туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады.
Сала дамудың жоғары қарқынын көрсетуде. Оның айтуынша, көлік қызметтері нарығы 20,3% өсті, жолаушылар ағыны 11,9% артып, 1,76 млрд адамға жетті.
Өңірлер бөлінісінде 154,1% өсіммен Астана қаласы көшбасшы болды, онда қойма қызметтері мен тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. Жоғары көрсеткіштер Жетісу (136,6%) және Қостанай облысында (133,8%) тіркелді.
«Тасымал көлемі экономиканың жағдайын көрсетеді және негізгі көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша өсім байқалады. Жүк тасымалы көлемінің артуы экономиканың базалық салаларының дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда», — деді вице-министр.