Құрылыс компанияларының 36%-ның жағдайы мүшкіл

Құрылыс компанияларының 99%-ы шағын бизнеске жатады. 

Тұрғын үй құрылысы нарығы соңғы бірнеше жылда қарқынды өсіп келеді. 2021 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 1,9 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 24,4% көп. 

Жалпы биыл 11,6 млн шаршы метр үй салынды. Көрсеткіш былтырғы осы уақыттағыдан 7,9% артық. 

Саланың өсуімен бірге нарықта жаңа құрылыс компаниялары да көптеп пайда болып жатыр. Жыл басынан бері жаңадан құрылған құрылыс компанияларының саны 50,8%, яғни 2,3 мыңға көбейіп, қазіргі таңда жаңа құрылыс компанияларының саны 6,7 мыңға жетті. Алайда, жаңадан құрылып жатқан компаниялардың қаншалықты сенімді екені әзірге ешкімге белгісіз. 

Оның үстіне жұмыс құнының қымбаттығына байланысты қазірдің өзінде көптеген компаниялар нарыққа шыдай алмай жатыр. Ұлттық банк мәліметінше, сауалнамаға қатысқан құрылыс компанияларының тек 20% ғана өздерінің жағдайларының жақсы екенін айтқан. Ал 36,2% жағдайларының қиын екенін мәлімдеген. 

Мәселен, астанадағы 87 құрылыс компаниясының көпшілігінде сатуда тек бір-екі үйі ғана бар. Ал 64 компанияның сатылымдағы нысандарының саны үшеуден аспайды. Бұл нарықтағы компаниялардың қаншалықты орнықты екенін көрсетеді. 

Тек 7 компанияның ғана сатылымдағы нысандарының саны жетеуден асады. Атап айтқанда олар: BI Group (41 нысан), BAZIS-А (25 нысан), K7 Group (14 нысан), «Рамс Казахстан» (8 нысан), Nova City (BI Group), ТОО G-Park пен Sensata Group компанияларында 7 нысаннан. 

Құрылыс компанияларының 99%-ы шағын бизнеске жатады. 0,7%-ы орта бизнеске, 0,3%-ы ірі бизнеске жатады.