Қазақстанда бір шаршы метр тұрғын үй салу орта есеппен 238,7 мың теңгеге түседі. 2026 жылдың алғашқы төрт айында құрылыс құны республика бойынша небәрі 2,5% өскен. Алайда кей өңірлерде шығындар шамамен үштен біріне дейін қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде айтылған.
Қалада үй салу дәстүрлі түрде қымбатырақ. Мұнда бір шаршы метрдің сметалық құны 256,4 мың теңге. Ауылдық жерлерде құрылыс шығыны айтарлықтай төмен — 169,1 мың теңге деңгейінде. Ірі қалаларда бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасы нақты құрылыс шығынынан екі, кейде үш есе жоғары екенін ескерсек, бұл құрылыс бизнесіндегі жоғары маржиналдылықтың сақталып отырғанын көрсетеді.
Құрылыс шығындарының ең жоғары өсімі Абай облысында тіркелді. Мұнда бір шаршы метр тұрғын үй салудың орташа нақты құны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,5% өсіп, 281,5 мың теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден де жоғары.
Ал батыстағы Ақтөбе облысында, керісінше, құрылыс шығындары төмендеген. Өңірде тұрғын үй салу құны 4% азайып, бір шаршы метр үшін 144,4 мың теңгені құрады.
Астанада тұрғын үй құрылысының құны 1,4% қымбаттаса, Алматыда 3% арзандаған. Екі қалада да бір шаршы метрді салу құны 283,4 мың теңге болды. Шымкентте бұл көрсеткіш 7,9% өсіп, 304,8 мың теңгеге жеткен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрін сату бағасы орта есеппен 615,9 мың теңге. Бұл құрылыс шығынынан 2,6 есе жоғары. Алматыда жаңа баспананың бір шаршы метрі 733,3 мың теңге болса, Астанада — 731,9 мың теңге.