«Қазақстан темір жолы» ҰК 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында таза пайдасын 1,9 есе көбейтіп, 158,9 млрд теңгеге жеткізді. Бұл деректер компанияның қаржылық есебінде берілген.
Осы уақытта ҚТЖ-ның жалпы пайдасы 1,5 есе өсіп, 593,2 млрд теңгені құрады. Ұлттық компанияның кірісі 27,6% артып, 1,978 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде жүк тасымалынан түсетін табыс 31,5% өсіп (1,756 трлн теңге), жолаушылар тасымалынан түскені 19,5% артты (98,477 млрд теңге).
«Топ қызметі маусымдық құбылмалы өзгерістерге айтарлықтай тәуелді емес. Жүк тасымалы бойынша кіріс жыл бойы салыстырмалы түрде тұрақты. Ал жолаушылар тасымалының маусымдық сипатына байланысты жыл сайын кіріс екінші жартыжылдықта артады. Бұл негізінен жазғы демалыс маусымымен байланысты», — деп көрсетілген қаржылық есептің түсіндірме жазбасында.
Құжатта 2025 жылдың 9 айында реттелетін жүк тасымалы тарифтерінің жалпы деңгейі орта есеппен 28% өскені айтылады. Ал облысаралық әлеуметтік маңызы бар жолаушы бағыттарындағы тариф биылғы жылдың наурызынан бастап 7% деңгейінде белгіленген.
Бұл ретте ҚТЖ активтері 2025 жылдың басынан бері 18,4% өсіп, 7,055 трлн теңгеге жетті. Капитал 8,9% артып, 2,145 трлн теңгені құрады. Ал ұлттық компанияның міндеттемелері тоғыз айда 23% көбейіп, 4,909 трлн теңгеге жетті. Ұзақ мерзімді міндеттемелер аясындағы ҚТЖ қарыздары 1,5 есе өсіп, 2,796 трлн теңгеге жеткен. Керісінше, қысқа мерзімді міндеттемелер (12 ай ішінде өтелетін) бойынша қарыздар 1,8 есе азайып, 453,280 млрд теңгеге түсті.
«2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша топтың Halyk Bank, ForteBank және Citibank банктерінде жалпы сомасы 303 млрд теңгелік игерілмеген несие желілері бар. Сондай-ақ, топ басшылығы есепті күннен кейінгі 12 ай ішінде өтелуге тиіс қарыздарды қайта қаржыландыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл келіссөздердің оң нәтижесі жоғары ықтимал деп бағаланады», – делінген құжатта.