Көлік министрлігі 2026 жылға дейін вагон тапшылығы мәселесін шешуге уәде беріп отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.
«Отандық ҚТЖ компаниясының автопаркі 2667 бірлікті құрайды. Соңғы төрт жылда 600 вагон қолданыстан шығарылып, орнына небәрі 300 вагон алынды. Бұл мәселе осыдан 5-10 жыл бұрынжпңа вагон сатып алу туралы шешім қабылданбағандықтан туындады. ҚТЖ қаражаты басқа жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды, бұл туралы біз бірнеше рет талқыладық», — деп түсіндірді министр.
2022 жылы ҚТЖ-да жылжымалы құрамды айтарлықтай ұлғайту туралы шешім қабылданды.
«2017-2018 жылдары жаңа жеңіл вагондар сатып алынды – 100-ге жетер-жетпес. Былтыр 118 вагон сатып алдық, биыл қосымша 140 вагон сатып алудамыз, келесі жылы 224 вагон келеді. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін вагон өндіру және жеткізу кемінде 18 айға созылады, егер одан да көп болмаса. Мұның бәрі, әрине, уақытты қажет етеді. Сондықтан бүгінде біз 1200 бірліктен астам жылжымалы құрам жеткізуге келісімшартқа отырдық. Есебімізше, 2026 жылы вагон саны жеткілікті болады», — деді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, ұлттық тасымалдаушының 2667 вагонының 30%-ы 25 жылдан ескі. Оларда кондиционер болмаған. Жаңа вагон алғасын бұлар есептен шығарылады.
«Сондықтан жаздың ыстық мезгілінде кейбір вагондарды айналымнан шығарамыз», — дедң Қарабаев.