2022 жылдың қыркүйек айында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі - ЭЕБ) 115,6 мың бос жұмыс орны және 82,3 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 3,6% – ға, ал өзекті түйіндемелер саны 12,4% - ға азайды. Жалпы, бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан 29% - ға асып түсті.
«Қыркүйек айының қорытындысы бойынша ЭЕБ-да орналастырылған түйіндемелер саны 11,7 мыңға азайды, олардың басым бөлігі жоғары білікті қызметкерлерге тиесілі. Оның ішінде, тамызбен салыстырғанда, білім беру саласы мамандарының ұсыныстары айтарлықтай қысқарды, түйіндеме саны 8,7 мыңға азайды. Бұл ретте біліктілігі жоқ қызметкерлер тарапынан ұсыныстар саны өсті. Осы санаттағы ізденушілер саны алдыңғы аймен салыстырғанда артып, 2,4 мың түйіндемені құрады», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.
Сарапшы қыркүйекте еңбек нарығындағы мамандардың жоғары тапшылығы Алматы (бос орындар саны түйіндеме санынан 7,4 мыңға көп) және Астана (5,2 мың) қалаларына, сондай-ақ Қостанай (6,6 мың) және Қарағанды (6,5 мың) облыстарына тән екенін хабарлады.
Ал кәсіптік салалар бөлінісінде білім беру және тәрбие (7,5 мың), құрылыс (6,1 мың) және өндіріс (5,4 мың) салаларының мамандары арасында қатты тапшылық байқалды.
Қыркүйек айында білім беру саласының мамандары үлкен сұранысқа ие болды, олар ЭЕБ-дағы барлық бос жұмыс орындарының бестен бір бөлігінен астамын құрады – 24,8 мың. Бұл ретте кейбір өңірлерде осы салада мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осылайша, кадр тапшылығы Қарағанды облысында (1,4 мың) және Алматы қаласында (1,3 мың) тіркелді.
Қыркүйекте өткен аймен салыстырғанда бос орындар санының серпіні айтарлықтай өзгерді: 7 өңірде бос орындар саны жиынтығында 5,6 мыңға өсті, ал басқа 10 өңірде 10 мың бос орынға төмендеу байқалды. Бос орындарды төмендету бойынша ең жоғары көрсеткіштерді Қарағанды (2 мың бос орын), Алматы (1,6 мың бос орын) және Атырау облысы (1,5 мың бос орын) көрсетеді. Түркістан облысы (2,4 мың бос орын) және Алматы қаласы (1,6 мың бос орын) бос орындар санының ең көп өскенін көрсетті.
Өткен аймен салыстырғанда өңірлер бөлінісінде ізденушілер санының серпіні Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлер бойынша төмендегенін көрсетті. Ізденушілер арасында белсенділіктің ең көп төмендеуі Алматы облысында (2,7 мың түйіндеме) және Алматы қаласында (2,2 мың түйіндеме) тіркелді.
Қыркүйек айында өткен аймен салыстырғанда жоғары білікті қызметкерлерге сұраныс 16%-ға немесе 6,5 мыңға төмендеп, 33,6 мың бос орынды құрады. Бұл ретте біліктілігі төмен (5,1% немесе 1,5 мың) және біліктілігі орташа қызметкерлерге (1,1% немесе 0,5 мың) сұраныстың артуы байқалады, олар бойынша бос орындар саны тиісінше 31,9 және 50,1 мыңды құрады.
«Ұсыныс тарапынан да осындай жағдай байқалады – жоғары білікті жұмыскерлер арасынан ізденушілер саны төрттен біріне азайып, 29 мың түйіндемені құрады, орташа білікті жұмыскерлер арасында – 8%, 26,1 мың түйіндемені құрады, ал төмен білікті жұмыс іздеушілер саны 1,7% - ға артып, 27,2 мың түйіндемені құрады», – деді Александра Молчановская.
Мамандарға сұраныс артқан кәсіби салалардың ішінде әлеуметтік қызмет көрсету саласын (19% немесе 171 бос жұмыс орны), ғылым мен консалтингті (18,5% немесе 128 бос жұмыс орны) және заң ғылымын (18% немесе 96 бос жұмыс орны) атап өтуге болады.
Жалақы деңгейлері өңірлерде де, кәсіптер арасында да ерекшеленеді. Алдыңғы айдағыдай, бұл жолы да ұсынылатын еңбекақының ең көп мөлшері Атырау облысында байқалды, осы өңірде орташа жалақысы 764 мың теңге болатын 21 бос орын орналастырылды.
Аса жоғары жалақыны іздеушілер қатарында сақтандыру сарапшылары және ғылыми қызметкерлер – 2 млн теңге еңбекақыны қалап, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен директорлар – 1,5 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін жалақыға сұраныс білдіруде.
«Жалпы, қыркүйек айында бос орындар мен түйіндемелер санының біршама төмендеуі байқалады. Бұл ретте білім және ауыл шаруашылығы саласының жұмыскерлеріне сұраныстың маусымдық тұрғыдан өсуі көрініс табуда», – деп қорытындылады Александра Молчановская.