Fingramota.kz сайты қор биржасына және өзге де құралдарға инвестиция салу туралы түсіндіреді.
Тәуекелдерді бағалаңыз
Бірден айта кету керек, инвестициялау арқылы жақсы ақша табуға да, салған ақшадан оп-оңай айырылып қалуға да болады. Себебі, инвестиция кез келген жағдайда тәуекелі мол құрал болып табылады. Оның үстіне, табыс табу мүмкіндігі, яғни кірістілік неғұрлым көп болса, қаражатты жоғалту ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Егер Сіз тәуекелге баруға дайын болсаңыз, бос қаражатыңыз болса және кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көбірек ақша тапқыңыз келсе, биржада сатылатын бағалы қағаздарға инвестиция салуды игеруге бел бууға болады.
Жаңадан бастаушыға ең оңай жолы – биржада ұсынылған қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу және белгілі бір уақыт өткеннен кейін неғұрлым жоғары бағада сату. Бұл жағдайда кіріс бағамның қаншалықты өскеніне немесе бағалы қағаз индексіне байланысты болады. Алайда, мұндай табыс кездейсоқ сәттілік емес, ойластырылған әрекеттердің нәтижесі екенін есте ұстаған жөн. Инвестициядан шынымен де пайда табу үшін Сізге көп күш жұмсау керек, оның қыр-сырын үйреніп, көп ойлану керек.
Егер жиналған ақшаңыз немесе банкте салымыңыз болмаса, ешбір жағдайда соңғы ақшаңызды салуға болмайды. Биржада сақтандыру жоқ, сол себепті Сіз бәрін жоғалтуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, бағалы қағаздар құнының төмендеуі банктердің банкроттығына қарағанда жиі кездеседі.
Шығындарыңызды бағалаңыз
Бастапқыда біраз ғана сомаларды инвестициялауға болады. Алайда, ол арқылы сауда-саттық жасағыңыз келетін брокердің өз комиссиясын алатынын ескеру қажет. Бұл әрбір транзакция үшін белгіленген сома не транзакцияның көлемінен пайыз болуы мүмкін. Сондықтан, егер Сіз бірден және көп салғыңыз келсе, бірінші нұсқаны ұсынатын брокерді таңдаңыз, егер жиі және аздап салатын болсаңыз – екінші нұсқаны таңдаңыз. Шартты жасамас бұрын міндетті түрде брокерде қаржы реттеушісінің лицензиясы бар-жоғын тексеріңіз. Осылайша, Сіз брокер кенеттен өз қызметін тоқтатқан жағдайда инвестицияларыңызды қорғай аласыз – Сіздің салымдарыңыз жөніндегі ақпарат бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде қалады.
Сондай-ақ, қалай болғанда да биржадағы сауда-саттық біршама уақытты талап ететінін ескеру қажет. Сізге алдымен оқудан өтуге, тақырыпты терең зерделеуге, күн сайын таңертең статистиканы және биржадағы мәліметтерді зерттеуге, күні бойы графиктерді қадағалап отыру қажет болады. Сол себепті, Сіздің жұмсалатын еңбек шығындарыңыз әлеуетті табысыңызға тұра ма, соны ойланып көріңіз. Әрине, ақшаңызды сенімгерлік басқаруға беріп қоюға да болады. Алайда, бұл жағдайда комиссия да жоғары болады және өз ақшаңыздың қайда және неге инвестицияланғаны жөнінде білмеуіңіз мүмкін.
Бұл ретте, Сіз әу бастан-ақ жоғалтқанда ішіңіз ашымайтын және бюджетіңізге зиян келтірмейтін соманы ғана инвестициялауға тұратынына назар аударыңыз.
Стратегияны таңдаңыз
Стратегия — бұл сіздің биржадағы тактикаңыз бен мінез-құлқыңыздың стилін айқындайтын инвестициялаудағы кейбір критерийлер. Сіз қандай активтермен сауда-саттық жүргізетініңізді, операцияларды қандай жилікпен жасайтыныңызды және шешімдер қабылдау кезінде нені басшылыққа алтыныңызды шешіп алу қажет. Сіз жаңалықтармен, баға белгілеулермен және нарыққа әсер ететін сыртқы факторлармен танысып, оларды зерттеуге уақыт бөлуге дайын екеніңізді шешіп алыңыз.
Сіз қарапайым, сондай-ақ аралас стратегияларды қолдануыңызға болады. Оның ішіндегі ең қарапайымы – мерзім мен залалдың мөлшеріне қарай таңдау. Мәселен, Сіз сөз ақшаңыздан бір жылға және ең көп дегенде оның 20%-нан айырылуға дайын болсаңыз, онда активтерді не бір жылдан кейін не ол 20%-ға өскен немесе түскен кезде сатасыз.
Портфельдік де, нүктелік салымдарды да жасауға болады, бірақ тәуекелге бармау және әрқашан таңдалған жоспарды ұстану маңызды.
Қателік жасамаңыз
Қолыңызда бар нәрсені бағалы қағаздарға салмаңыз. Алдымен ақшаны күнделікті өмірге және күтпеген шығыстарға бөліңіз. «Қауіпсіздік жастықшасын» жасаңыз: банктік депозит ашыңыз — содан кейін ғана биржалық саудаға кірісіңіз. Сіздің бюджетіңізге әсер етпейтін соманы инвестициялаңыз.
Эмоцияға берілмеңіз. Бастапқыда сіз көптеген қателіктер жіберуіңіз мүмкін. Бұл ретте таңдалған стратегияны ұстану және қағаз индексі қысқа мерзімде өзгерсе де, импульсивті әрекеттерді жасамау маңызды.
Өз салымдарыңызды әртараптандырыңыз. Әртүрлі салалардағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған дұрыс. Мысалы, мұнай бағасы төмендеген кезде мұнай-газ секторының барлық компанияларының бағалы қағаздары зардап шегеді. Егер сіз мысалы химия өнеркәсібі, машина жасау, телекоммуникация сияқты экономиканың әртүрлі салаларындағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алсаңыз, бұл сізге салынған ақшаны жоғалту қаупін азайтуға көмектеседі.
Кепілдендірілген және өте жоғары кірістілікке сенбеңіз. Мұндай уәделерді тек алаяқтар жасай алады. Нақты инвестор биржадағы жағдайдың өзгеріп тұратынын және әрқашан тәуекелге дайын екенін біледі.
Есіңізде болсын, өз шешімдеріңіз үшін жауап бересіз.