2024 жылы Қазақстанға 10,3 млн турист кірсе, олардың небәрі 1,3 млн-ы ғана ресми орналастыру орындарында тоқтаған. Қалғандары есепке алынбай қалғандықтан, бұл статистика саланың әлеуетін толық көрсете алмай отыр, дейді Halyk Finance сарапшылары.
Негізгі клиент – қазақстандықтар
2025 жылдың алғашқы алты айында орналастыру орындарында тоқтағандардың тек 14%-ы шетелдіктер болды. Оның өзінде 50,2%-ы іссапармен, ал қалғаны демалыс пен жеке мақсат үшін келген. Демек, қонақүй бизнесінің басты клиенті – қазақстандық туристер. Бұл жағдай елге келетін шетелдіктерді тарту мәселесінде инфрақұрылым мен қызмет сапасының әлі де әлсіз екенін көрсетеді.
Қонақүйлердің сапа мәселесі
Кейінгі үш жылда қонақүй саны өссе де, ресми жұлдыздық санат алған нысандар азайып барады: 2023 жылы 5,6% болса, 2025 жылы 4,8% түскен. Көптеген шағын қонақүйлер сертификациядан өтпейді, себебі бұл қосымша шығын мен біліктілікті талап етеді. Нәтижесінде, қызмет сапасы төмендеп, туристердің сенімі азаяды.
Жекеменшік пен мемлекет үлесі
Нарықта жекеменшік басым болғанымен, қонақүй секторындағы мемлекеттік үлес әлі де жоғары – 19%. Бұл бәсекелестікті шектеп, саладағы сапа стандарттарының дамуына кедергі келтіреді.
Нарықтағы құрылым
Орналастыру орындарының 53%-ын қонақүйлер, шамамен үштен бірін пәтерлер мен коттедждер құрайды. Қалғаны – лагерьлер мен ұсақ нысандар. Бұл қонақүй секторының әлі де жүйесіз дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Әлемде туризм экономикасының үлесі 10%-ға жетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 3,2% деңгейінде қалып отыр. Елде туризмді дамыту үшін қонақүйлердің сапасын арттыру, шетелдік туристерді тартуға бағытталған маркетинг пен инфрақұрылымды жақсарту қажет. Әйтпесе, қонақүй көп болғанымен, сапа төмен болып қала береді», – дейді сарапшылар.