«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы елордадағы әкімшілік ғимаратын сатып жатыр. Бұл туралы ақпарат gosreestr.kz порталында жарияланған.
Сауда-саттық арттыру бойынша өткізіледі, бастапқы баға – 11 млрд 726 млн теңге. Аукционға қатысу үшін 91 млн 890 мың теңге кепілдік жарна енгізу қажет.
Өтініштер 2022 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады. Аукцион 2022 жылдың 31 тамызында өтеді деп жоспарланған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қабанбай батыр даңғылы, 19 мекенжайында орналасқан В, С, Е блоктарынан тұратын әкімшілік ғимаратты тендер арқылы сату жоспарлануда. Әкімшілік ғимараттың ауданы 21 316 шаршы метрді құрайды. Жалпы ауданы 0,543 га жер учаскесінде орналасқан.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстандағы жетекші тік интеграцияланған мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және қызметтерді көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік циклде активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылған және еліміздің мұнай-газ саласындағы Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акционерлері «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры (90,42%) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (9,58%).
Ұлттық компания еліміздегі мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын, сондай-ақ табиғи және ілеспе газ өндірудің 15 пайызын қамтамасыз етеді. Республика мұнайының 56 пайызы оның магистральдық құбырлары арқылы тасымалданады. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай өңдеу көлемінің үлесі 81 пайызды құрайды.