28 қарашада Қазатомөнеркәсіп ұлттық компаниясы 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелерін жариялады.

Осылайша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, компанияның шоғырланған кірісі 1,2 трлн теңгені құрады. Операциялық пайдасы 498 млрд теңгеден асты. Таза пайда 533 млрд теңге болды.

2024 жылдың ұқсас кезеңінде шоғырланған кіріс 1,13 трлн теңгені құраған еді, бірақ компанияның таза пайдасы ол кезде 745 млрд теңге болған.

Өндіріс пен сату көлемі өсті

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында уран өндіру көлемі 12% өсіп, 18 709 тоннаға жетті (2024 жылдың үш тоқсанында – 16 751 тонна).

Компаниялар тобы бойынша сату көлемі 10% өсіп, 12 776 тоннаны құрады (2024 жылдың ұқсас кезеңінде – 11 639 тонна).

Қазатомөнеркәсіп – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. 2024 жылы оның үлесіне әлемдік жалпы бастапқы уран өндірудің шамамен 21%-ы тиесілі болды. «Қазатомөнеркәсіп» еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдарымен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 27 кен орнын игеруде.

«Қазатомөнеркәсіптің» орналастырылған акцияларының жалпы санының 75%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, ал қалған 25%-ы AIX (Астана халықаралық биржасы) және LSE (Лондон қор биржасы) алаңдарында еркін айналымда жүр.