Алматы қаласында «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» Х халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.
Уран өнеркәсібінің маңызды міндеттерін шешуді ғылым мен технологиясыз, халықаралық аренада елестету мүмкін емес. Атом индустриясын дамыту әлемдік компанияларды, ғалымдарды білікті мамандарды біріктіруді талап етеді.
Еліміздегі ұлттық компания «Қазатомөнеркәсіп» саланың қолданыстағы минералдық-шикізаттық, технологиялық, зияткерлік және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану әрі ұлғайту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазатомөнеркәсіп еліміздің тек бейбіт атомды дамыту саясатын ұстанады. Конференцияда қамтылатын мәселелердің кең ауқымы мен қатысушылардың жоғары деңгейі оған Қазақстан мен басқа елдер үшін стратегиялық маңызды сала ретінде әлемдік уран индустриясындағы маңызды оқиға мәртебесін беретіні сөзсіз», – деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.
Қазатомөнеркәсіп басшысы «Атом индустриясындағы ғылыми-технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізу мақсатында өндірістік процеске озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізе отырып, ғылыми әзірлемелерді белсенді жүргізу маңызды», – деді.
Конференция барысында геология, геотехнология және тау-кен дайындық жұмыстары, уран өндіру және қайта өңдеу технологиясы, атом саласы кәсіпорындарының қауіпсіз жұмыс істеуі және техногендік қалдықтарды басқару, тұрақты даму (ESG) мәселелері, атом саласы жұмыс істеуінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері, атом саласындағы цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру талқылануда.
Шара аясында Қазатомөнеркәсіп Paul Scherrer Institute (Швейцария) пен Қазақстан-Британ техникалық университеті арасында ынтымақтастық келісіме қол қойды. Бұл құжат саланың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, атом саласындағы ғалымдарды қолдау мен жаңа мамандарды дайындауға ықпал етуге бағытталған.