Инвесторлар, әсіресе енді бастаған инвесторлар жекелеген қаржы құралдарына ақша салу кезінде қиындықтарға тап болып жатады. Олар компанияларға талдау жүргізіп, құралдардың өтімділігін бағалауы, сондай-ақ бағаның өзгеру серпінін үнемі қадағалап отыруы қажет.
Әрбір жеке салымшының салатын капиталының мөлшері нарықтағы неғұрлым ірі институционалдық инвестор қамтамасыз ететін мөлшерден әлдеқайда аз болуы мүмкін. Бұл мәселелердің барлығын бірнеше инвестордың қаражатын біріктіріп, тәуекелдерді де өзара бөлуге болатын ұжымдық инвестициялау құралдарын сатып алу арқылы шешуге болады.
Ұжымдық инвестициялау несімен қызықты?
Ұжымдық инвестициялар – кәсіби компания басқаратын, алдын ала бірыңғай қорға біріккен екі және одан да көп инвестордың бірлескен қаржылық салымы. Клиент қандай да бір шешім қабылдауға қиналатын болса, бұл компаниялар жеке инвестициялық стратегиялар әзірлеп, тәуекелдерді әртараптандырады және оған жеке инвестициялау мен активтерді дербестендірілген басқару арасындағы аралық инвестициялық өнімді ұсынады.
Ұжымдық инвестициялаудың артықшылығы: тәуекел көрсеткішінің өте жоғары болмауы жағдайында сенімділіктің жоғары болуы, жеке инвестициялармен салыстырғанда инвестор үшін шығасылардың аз болуы, активтерді кәсіби тұрғыдан басқару, сондай-ақ ұжымдық инвестициялар субъектілерінің қызметін инвесторлар мүддесінің пайдасына заңнамалық тұрғыдан реттеу.
Инвестициялық пай қорлары (ИПҚ), акционерлік инвестициялық қорлар, сондай-ақ биржада сауда жүргізетін қорлар (ETF) ұжымдық инвестициялардың мысалы бола алады.
Қазақстанның ұжымдық инвестициялар нарығында қазіргі кезде негізгі үлесті инвестициялық пай қорлары құрап отыр, онда инвесторлар немесе «пайшылар» пай құнының өсімінен кіріс алады.
Ұжымдық инвестициялау қаншалықты дамып келеді?
Қазақстанның ұжымдық инвестициялар нарығындағы активтердің жиынтық көлемі соңғы 12 айда 291 млрд теңгеге немесе 162%-ға ұлғайып, ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 471 млрд теңге болды. Акционерлік инвестициялық қорлардың активтерін есептегенде қаражаттың жиынтық мөлшері осы кезеңде 1,8 есе, 664 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл ұлғаю, ең алдымен, ИПҚ-ға жаңа мен жоғарыда айтып өткен жаңа инвесторлардың келуінің есебінен болды.
Қазақстандағы ИПҚ нарығы қалыптасқан осы аз уақыттың ішінде бұл сегмент қарқындап өсіп те, айтарлықтай құлдырап та көрді, бұл бірқатар объективті себептерге байланысты болды. Солар жайында толығырақ айтып берсем.
Қазақстанда ұжымдық инвестициялар нарығы қалыптасуының басталуы 2004 жылғы 7 шілдеде «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы болып саналады. 2000-шы жылдардың ортасында банктік кредиттеудің айтарлықтай өсу қарқынымен және халықтың жоғары тұтынушылық белсенділігімен қоса жүрген Қазақстан экономикасының көтерілуі ИПҚ-лардың инвесторлар арасында жоғары танымалдыққа ие болуына ықпал етті. Салымшылар ИПҚ-ларға қаражат салудың нақты пайдасын сезінді, пайда депозиттер мен жылжымайтын мүлікке ақша орналастырудан түскен кірістерден асып түсті. Алайда 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарысқа байланысты қаржы нарығындағы өзгерістер активтердің бір бөлігінің құнсыздануына, кірістіліктің төмендеуіне және пайшылардың нарықтан кетуіне алып келді.
Бірақ қаржы реттеушісінің инвестициялық қорлар саласындағы заңнаманы ырықтандыруға қатысты қабылдаған шараларының нәтижесінде Қазақстанда салымшылардың ұжымдық инвестициялау өнімдеріне қызығушылығының артуы байқалады. Бұл өткен жылы осы сегменттегі активтердің күрт өсуінен көрінеді.
Мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр?
Ең алдымен, 2018 жылы инвестициялық қорларды құруға және олардың жұмыс істеуіне қойылатын талаптар жеңілдетілді, атап айтқанда олардың активтерінің ең аз мөлшері мен пайларды ұстаушылар санына қойылатын талаптар алынып тасталды. Сонымен қатар, инвестициялау лимиттерін қайта қарау есебінен қорлардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілді.
2020 жылы инвестициялық қорлар туралы заңнаманы ырықтандыру жалғастырылды. Атап айтқанда, ашық және аралық инвестициялық қорлардың пайлары қор биржасының сауда жүйесінде орналастыруға және айналымға жіберіледі. Қор активтерін қаржы құралдарына инвестициялау бөлігінде шектеулер алынып тасталды.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізілді, оған сәйкес 2025 жылдан бастап жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен пайлар құнының өсімінен түсетін кірістер алынып тасталады. Қазіргі уақытта осы норманы қолданысқа енгізу мерзімін қайта қарау шаралары қабылдануда. Бұл 2022 жылы болады деп болжаймыз.
Нақты көрсеткіштер
Қазіргі уақытта белсенділіктің айтарлықтай өсуі байқалады. Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 38 инвестициялық пай қоры жұмыс істейді, оның ішінде 22 аралық, 15 жабық және бір ашық.
Өткен жылдың осындай күнімен салыстырғанда инвестициялық пай қорларының саны үшке (екі аралық және бір жабық) артты. KASE ресми тізімінде алты басқарушы компанияның басқаруындағы 16 инвестициялық пай қоры бар. Ағымдағы жылдың тоғыз айында инвестициялық қорлар секторындағы сауда-саттық көлемі 32,7 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері пайларды ұстаушылардың саны 3,6 есеге ұлғайды және 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 5 041 жеке тұлға мен 63 заңды тұлғаны құрады, олардың 41%-ын валюталық инвестициялық қорлардың пайларын ұстаушылар құрайды. Өткен жылдың ұқсас күнімен салыстырғанда пай ұстаушылар саны 3 852-ге (16 заңды тұлға, 3 836 жеке тұлға) немесе 308%-ға артты.
Бағалы қағаздарға инвестицияланған ИПҚ активтері 414 млрд теңгені немесе ИПҚ жиынтық активтерінің 88%-ын құрайды. Бұл ретте портфельдің 98%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
Инвестициялық пай қорларына инвестициялаудың артықшылықтары
Мен бұған дейін атап өткендей, ИПҚ-ға инвестициялау қаржы саласындағы сарапшы болып табылмайтын және өз ақшасын белсенді түрде басқаруға уақыты мен білімі жоқ адамдар үшін өте тартымды. ИПҚ басқарушы компанияның құралдарды таңдау құзыретін пайдалануға мүмкіндік береді, инвестициялық портфельді әртараптандырудың арқасында шығындар тәуекелін төмендетеді.
Бұл ретте ИПҚ-ның активтері басқарушы компанияның шоттарында емес, кастодиан банктің шоттарында сақталады. Сондықтан, егер басқарушы компания инвестициялық пай қорының инвестициялық декларациясына немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін мәміле жасасуды шешсе, онда кастодиан оған келісім бермейді және ондай мәмілені өткізбейді. Жабылған немесе банкрот болған жағдайда басқарушы компанияның қор активтеріне қолжетімділігі болмайды.
Салымдардың сенімділігін сонымен қатар орталық депозитарийдің атынан тіркеуші қамтамасыз етеді, ол пайларды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуге жауап береді. Депозитарий басқарушы компания да, кастодиан банк те клиенттердің бұйрықтарын толық растағаннан кейін ғана пайларды есепке алуды және есептен шығаруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Агенттік тарапынан тұрақты пруденциялық реттеу және басқарушы компаниялардың қызметіне инспекциялық тексерулер жүргізу жүзеге асырылады.
Қазақстанның қаржы реттеушісі ұжымдық инвестициялар нарығын одан әрі дамыту үшін қандай шаралар қабылдауда?
Осы сегментті одан әрі оң дамыту үшін Агенттік инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту шараларын қабылдауда. Мәселен, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралуда. Осы заң жобасы шеңберінде мүдделі тұлғалар және әлеуетті инвесторлар үшін жария етілуге тиісті инвестициялық қор туралы ақпараттар тізбесін кеңейту көзделеді. Инвестициялық қордың активтері мен міндеттемелерінің құны және құрамы, таза активтерінің құны, пай ұстаушыларының саны және инвестициялық қор пайларының кірістілігі туралы ақпарат та жария етілуге тиіс.
Пассивтік инвестициялау құралдары - ETF (Exchange Traded Fund)Қазақстан нарығында бар ма?
ETF-ға инвестициялау соңғы он жылда әлемдік практикадағы айтарлықтай қаржылық жаңалықтардың бірі болды деп айтуға болады. Қазақстанда отандық инвесторлар құрған ETF нарығы жақында ғана жұмысын бастады. Бірінші ETF (SPDR S&P 500 ETF Trust) KASE-де 2015 жылғы қазанда пайда болды және S&P 500 белгілі американдық индекстің көшірмесі.
2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша KASE-нің ресми тізімінде 6 ETF атауы бар. Бөлшек инвесторларға FinEx FFIN Kazakhstan Equity ETF, SPDR Bloomberg Barclays 1-3 Month T-Bill ETF, SPDR Gold Shares (ETF), iShares Global Clean Energy ETF, Invesco Water Resources ETF, SPDR S&P 500 ETF TRUST сияқты қорлардың пайлары қолжетімді.
ETF бір бағалы қағаз шеңберінде бірнеше ірі компанияның акцияларын сатып алу мүмкіндігін береді. Бұл ретте портфельдің индекстік кұрылымын қолдау инвестор тарапынан ешбір күш салмай ETF ішінде өтеді, осыған байланысты бұл қаржы құралы кез келген тәжірибесі бар және деңгейдегі инвесторлар үшін тартымды болады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьев