Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның солтүстігі мен шығысына газ құбыры тартылатынын айтты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекспен ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынған.
Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың Шикі газды өңдеуді дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі міндеті заңнамалық түрде белгіленген.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде алауларда жағылатын газ көлемі 2006 жылмен салыстырғанда сегіз есеге азайды. 2006 жылы бұл көрсеткіш 3,1 млрдкуб метрді құраса, 2020 жылы 390 млн.куб метрге тең болды.
«Өңірлерді газдандыру жайлы өмірді қамтамасыз етумен қатар, экологиялық жағдайды да жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елді газдандыру үлесі 54,3% құрайды. Нәтижесінде 10,2 млн адам газға қол жеткізді», — деді М. Мырзағалиев.
«Нұр-Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін елді газдандыру үлесі 60% құрайды. Соның арқасында 11,7 млн адам газға қол жеткізеді.
Жергілікті атқарушы органдар бүгінгі таңда «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры жобасының шеңберінде газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуде. Құрылыстың аяқталуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында көмірді пайдаланып келген 70 мыңға жуық үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ақмола облысында 13 жоба іске асырылып, нәтижесінде 16 мың үй газға қол жеткізе алады.
Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Семей, Павлодар қалалары бүгінгі таңда газдандырылмаған.
Сонымен қатар аталған қалаларды газбен қамтамасыз етудін келесідей жолдары бар. Атап айтсақ: «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру; Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын тарту.
«Биыл жыл соңына дейін «Газпром» мен «ҚазТрансГаз» еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша есептеу жүргізіп, тиімді нұсқасы әзірленеді», — деді ведомство басшысы.
Экологиялық жағдайды жақсартудағы тағы бір маңызды мәселе жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру болып табылады.
Сондай-ақ таза генерациялау көздерін пайдалана отырып, жаңа станцияларды салу қажет.
2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобалары аяқталады.
Ал Алматы қаласында орналасқан үш жылу электр орталықтарын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қуаты 1300 МВт құрайды. Аяқтау мерзімі 2026 жылға дейін.
Сонымен қатар еліміздің онтүстігінде 2150 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу мәселесі пысықталуда.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында ArcelorMittal Temirtau станцияларын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Орта мерзімді перспективада еліміздегі тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындарды көмірден газға көшіру жоспарланған.
Экологияны жақсарту құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздері. Қазіргі уақытта республикада белгіленген қуаты 1975 МВт болатын 126 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі жұмыс істейді.
2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінің объектілері шамамен 4 млрд кВт.сағ энергия өндіреді деп болжануда. Бұл жалпы электр энергиясын өндіру көлемінің 3,5% құрайды.
4 жыл ішінде 62 жаңартылатын энергия көздері жобасын және қуаты 1 ГВт болатын ірі ауқымды жаңартылатын энергия көздері жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған жобаларды іске асыру шеңберінде шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылады. Қосымша 6 млрд кВт сағ жасыл энергия өндіріледі.
2025 жылға қарай Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% құрап, ал 2030 жылға 15% кем болмайды.
Жоғарыда көрсетілген жоспарларды іске асыру электр энергиясын генерациялау құрылымында мынадай өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: біріншіден, көмір өндіру үлесі 70%-дан 40,3%-ға дейін төмендейді; екіншіден, газ генерациясы 20%-дан 38%-ға дейін ұлғаяды; үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3%-дан 15%-ға дейін артады. Осылайша, Париж келісімі шеңберінде мақсаттарға қол жеткізу бойынша міндеттемелер орындалып, 2060 жылға қарай одан әрі декарбонизациялау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізі қаланады.