Душанбе қаласында Орталық Азия елдерінің экономикалық форумы өтті. Панельдік сессия барысында Әлібек Қуантыров Орталық Азия елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған форумның маңыздылығын атап өтті.
«Геосаяси сілкіністер мен пандемия әлемдік экономиканың дамуына теріс әсер етіп, қайтымсыз құрылымдық өзгерістер процестерін іске қосу арқылы экономиканы цифрландырудың өзектілігін және электрондық сауда көлемінің өсуін көрсетті. Жеткізу тізбегі бұзылды. Сонымен қатар, ОА елдерінде теңізге шығу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан аймақтық жеткізілім тізбегінің тиімді желісін құру маңызды. Географиялық орналасуымызды ескере отырып, біз экономиканы әртараптандыру және өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін күш біріктіруіміз керек», - деді министр.
Оның айтуынша, қиындықтарға қарамастан, өңірде оң өсу үрдісі байқалады.
2022 жылы Қазақстанның ОА елдерімен тауар айналымы $8 млрд. құрады
- Экспорт - $5,7 млрд
- Импорт - $2,3 млрд.
«Орталық Азия елдерінің экономикалық әлеуеті зор. Тауарлар номенклатурасын кеңейту және өзара сауда сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстан өңірге түрлі салалардағы 300 тауар түрі бойынша миллиардтаған долларға дайын және өңделген өнімдерді жеткізуді ұлғайтуға дайын», - деді Ә.Қуантыров.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өткен жылы ҚР Инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Ол қосылған құны жоғары тауарларды өндіруге бағытталған инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді.
«Әр түрлі инвестициялық келісімшарттар шеңберінде бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылады. Жақын арада өңдеу секторындағы жаңа жобалар 3 жылға дейін бірқатар салықтардан босатылады. Салықтар мен төлемдер саны 20% - ға, ал салық есептілігі нысандары 30% - ға қысқарады», - деп нақтылады министр.
ҰЭМ басшысы атап өткендей, өткен жылы IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан Словения, Португалия, Италия, Польша және Түркиядан озып, 36-орынға ие болды.
Ол Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына 2026 жылға қарай ІТ-сала экспортын $1 млрд. долларға жеткізу міндетін қойғанын еске салды. Былтыр ІТ саласындағы экспорт бес есе өсті. Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісіп, оны басқа елдерден қабылдауға дайын. Бұл ОА елдері экономикаларының орнықты дамуына серпін береді.
«Орталық Азияның экономикалық дамудағы әлеуеті зор. Бірақ ол әлі толық іске асырылмаған. Мемлекет басшыларының басшылығымен үкіметтеріміздің күш-жігерінің арқасында біз әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап, өңір елдерінің экономикаларының сапалы дамуының берік негізін құра алдық», - деп қорытындылады Ә.Қуантыров.