Азық-түліктің сапасы мен экологиялық жағынан тазалығына мән берілетін қазіргі заманда таза ауыл шаруашылығының өнімдерін тұтыну жай ғана тренд емес, шынайы қажеттілікке айналып отыр. Осы орайда Ақмола облысы Целиноград ауданындағы «Моя ферма» кәсіпорны соңғы бес жыл ішінде сүттен бастап сүзбеге дейін жоғары сапалы өнімдердің кең ауқымын тұтынушыларға ұсынып, елорда нарығында сенімді түрде жетекші орын алды. Бұл компанияның жетістікке жету жолы құқық қорғау қызметінен кеткеннен кейін құс фермасын ашып, қиындыққа мойынсұнбай, қоғамға нағыз қажет бизнесті құрған Қуаныш Найманның батыл шешімінен бастау алады. Бұл ретте біз қазақстандық кәсіпкермен тілдесіп, одан өндірісін қалай кеңейтіп, кездескен қиындықтарды қалай еңсергені жайлы сұрап білдік. 

– Қуаныш мырза, «Моя ферма» кәсіпорнын ашу туралы ойға қалай келдіңіз? Неліктен кәсіптің осы түрін таңдадыңыз?

– Ең алғашқыда жарым Айгерім екеуміз құс бағумен айналысуды ұйғарып, осы бағытқа бет бұрдық. Жобамызды қолға алып, ойланғанымызды іске асыру үшін инкубатор, инкубаторлық жұмыртқалар сынды қажетті дүниелерді сатып алдық. Бизнесіміздің тасы өрге домалай бастады: бастапқыда тек 100 жұмыртқа шығаратын өндіріс көлемі 2000 жұмыртқаға дейін артты. Мұнымен тоқтап қалмай, біз сүт өнімдерін де өндірумен айналыса бастадық. Сүт өнімдерінің технологы мамандығына ие анамыз бен ініміздің арқасында сүт цехын аштық. Осылайша қолымызда бар үй-жайды қайта жабдықтап, іске кірісіп кеттік. «Моя ферма» о баста күніне 50-100 лит сүт өндірсе, кейіннен бұл көрсеткіш 1,5 тоннадан асып жығылды.

Негізінен кәсіпкерлер өз бизнесін қандай да бір қажеттіліктен бастайтыны ешкімге таңсық емес. Сол секілді бізде де табиғи әрі таза құс еті мен сүт өнімдеріне деген сұраныс болды. Себебі әрбір ата-анаға баласы қандай тағам, қандай өнім тұтынатыны өте маңызды. Біздің алғашқы клиенттеріміз туыстарымыз болды. Өнімдеріміз олардың жоғары бағасына ие болып, ары қарай таныла бастады.

Шыны керек, өндірісті ашу бір бөлек, бірақ өнімді сату бір бөлек әңгіме. Мәселен, алғашында бізбен жұмыс істеуге дайын дүкендер жоқтың қасы еді. Дегенмен коронавирус пандемиясының салдарынан үлкен қалалар жабылып қалды. Осылайша Астананың маңында орналасқандықтан бізбен жұмыс істегісі келмеген дүкендерден де тапсырыс түсе бастады. Сапамыздың арқасында біздің беделіміз өсіп, нарыққа ене бердік. Кішігірім дүкендер мен шағын маркеттерден бөлек, ірі сауда желілерімен серіктестік орнаттық. Пандемиядағы қиын-қыстау жағдайға қарамастан біздің танымалдығымыз өсіп, осылай аяққа нық тұрып кеттік.

–  Ал қазір бизнесіңіздің басты құндылығы ретінде нені айтар едіңіз?

– Компаниямыз отбасы құндылықтарын негізге алады. Өйткені «Моя ферма» – отбасылық кәсіпорын, бизнесіміздің дамуына бүкіл отбасымыз бір адамдай үлес қосады. Сондықтан өнімдерімізге мән беру арқылы тұтынушыларға деген отбасылық қамқорлық пен сүйіспеншілігімізді көрсеткіміз келеді.

 

«Моя ферма» ұйымы экологиялық таза және сапалы өнімдер, атап айтсақ, сүт, айран, май, қаймақ, йогурт, сүзбе, одан бөлек көже сынды ұлттық өнімдерді шығаруды жолға қойған. Осы орайда «Фермадан – дастарханға» деген ұранымызды айтып өткім келеді.

Елордалықтар 5 жылдан бері біздің өнімдермен етене таныс, ал жыл сайын біз тауарлардың ауқымын әрі қарай кеңейте бермекпіз. Өз тарапымыздан өнімдеріміздің танылуынан бөлек, тұрғындар табиғи ұлттық өнімдерге көңіл бөле бастағанына қуанудамыз. 

–  Керемет! Ал сонда сіздің өнімдеріңізді қайдан табуға болады?

– Бүгінде біз Астанадағы 200-ден аса дүкендермен, гипермаркет және супермаркеттермен, ірілі-ұсақты сауда желілерімен жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар тұрғындардың ыңғайлығы үшін Instagram әлеуметтік желісі және WhatsApp мессенджері арқылы тапсырыс қабылдаймыз. 

Бұдан бөлек түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерге жиі қатысамыз. Бір жағынан мұндай шаралардың арқасында біз тұтынушылардан тікелей кері байланыс аламыз. Себебі жәрмеңкелерде тауарларымызды одан әрі дамытып, әлеуетін арттыру үшін келушілерге өнімнен дәм татуға мүмкіндік береміз. Ең қызығы, барлығы да бір ауыздан ұлттық сүт өнімдерін мақтайды. Мәселен, біздің қаймағымыз бен айранымыздың дәмін көргендердің бәрі де: «Әжем қолдан дайындағандай дәмді» деп жылы лебіздерін білдіріп жатады.  

 

–  Жетістікке жетудің бір жолы – сенімді серіктеске арқау сүйеу екені белгілі. Бұл ретте бастауыш кәсіпкер ретінде кімнің көмегіне жүгіндіңіздер?

– Бірінші кезекте мемлекет пен банктер шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, шарттары тиімді несие бағдарламаларын ұсынып, кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік беріп отырғанына өте қуаныштымыз. Өз мысалымызда айтар болсақ, «Моя ферма» компаниясы 2023 жылы "Даму" қорының субсидиясын иеленіп, "Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба" бағдарламасы аясында сүт өнімдерін өндіру қызметін кеңейту үшін ЦентрКредит Банкінен несие алып, өзінің сүт зауытын ашты. Осы уақыт ішінде 10 жұмыс орны құрылды. Қазіргі уақытта сүтті өңдеу тәулігіне 3 тоннаға жетеді.

– Ал болашаққа деген қандай жоспарларыңыз бар? Бәлкім, еліміздің басқа өңірлеріне шығу ойларыңызда болар?

– Бір өкініштісі, табиғи өнімдерінің жарамдылығы мерзімі өте аз, егер тиісті температуралық нормаларды сақтамаса тез бұзылып кетеді. Сол себепті әзірге Қазақстанның басқа аймақтарына тауарларымызды тарату туралы жоспарымыз жоқ.

Дегенмен бұл біз қол қусырып отырамыз деген сөз емес. Астана қаласына жақын орналасқандықтан өнімдерді сауда орындарына жеткізу еш қиындық тудырмайды. Сол себепті біз өнімдердің көлемі мен түрін арттыруды көздеп отырмыз. Елордамыз үнемі даму үстінде, сондықтан біз тұрғындарды пайдалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге бар күшімізді саламыз.

– Бес жыл ішінде өздеріңізді нарықта танытып, білікті кәсіпкер ретінде көріне алдыңыз. Алғашқыда өзіңіз сияқты ісін енді қолға алып келе жатқан жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

–  Қазіргі уақытта бәсекелестік өсіп келеді, бірақ өз басым әр өндірушінің өз клиенті бар екеніне бек сенемін. Бәсеке мен даму қатар жүреді, сондықтан одан қорықпау қажет. Бизнеске енді аяқ басқан адамның алдында кедергі көп болады, алайда оған төтеп бере алған жөн. Бастысы мақсатыңызға берік болып, үнемі алға қарай ұмтыла білу керек. Жұмысыңызға жауапкершілікпен қарап, өз ісіңізге адал маман болыңыз. Бүкіл процесті өзіңіз басқарып қана қоймай, қол астындағы қызметкерлерге сенім арта біліңіз. Мұнымен қоса сенімді серіктес банкті таңдау да маңызды, себебі бизнесіңіздің өркендеуі үшін ол таптырмас қолдау болары анық.

ҚНРДА 03.02.2020 ж. берген №1.2.25/195/34 лицензиясы.