Үкімет отырысында экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

1 қарашада Глазго қаласында өткен БҰҰ СОР26 саммиті шеңберінде Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігі туралы ұстанымын растады.

Қазақстан парниктік газ шығарындыларын 15%-ға азайту міндеттемесін қабылдай отырып, Париж келісімін әлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялады.

ҚР алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін ұлттық деңгейде айқындалған үлес (ҰДАҮ) жаңартылды, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс қабылданды.

2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден алынатын энергия үлесі 3%-дан 15%-ға дейін 5 есеге, газ генерациясы есебінен энергия үлесі 20%-дан 40%-ға дейін 2 есеге артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесін 70%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады.

Бүгінгі таңда Аралдағы экологияны жақсарту жұмыстары аясында теңіздің құрғаған түбіне 1,1 млн га жерге сексеуіл отырғызу жалғасуда. Биыл сексеуіл егу 100 мың га алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізілетін болады.

Қоқыс тастайтын жерлерді жою және оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жер үсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр. Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар — Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары.

Бүгінгі таңда 7,3 мың полигонның 86%-ы (6,3 мың) жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізілді, 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20%-ы ғана нормаларға сәйкес. Бұл мәселе Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өте өзекті болып тұр.

2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жобалары іске асырыла бастайды.

Атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, елдің су объектілерінің экожүйелерін, биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жөніндегі шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында көзделген.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Стратегияның пысықталған жобасын енгізуді тапсырды.

Экология министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ еліміздің 10 қаласында ірі кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу және жол карталарын әзірлеу  бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мәселелерін жандандыру тапсырылды.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай халықты газдандыру үлесі 60%-ға жетеді, 11,7 млн адам газға қол жеткізеді.