Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есепті төлем балансын қалыптастырды.

Төлем балансының ағымдағы шоты 5,7 млрд АҚШ доллар көлемінде профицитпен қалыптасты. Өткен жылдың осы кезеңінде 3,8 млрд АҚШ доллар дефициті болған.

Ағымдағы шоттың теріс сальдодан оң аймаққа өтуі сауда балансы жағдайының жақсаруымен байланысты. Оның профициті 20,9 млрд АҚШ долларына жетті. Сөйтіп ол өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 12,6 млрд АҚШ долларына жақсара түсті.

Осы жылдың екінші тоқсанында сауда балансының профициті 2014 жылдан кейінгі кезеңдер ішінде максимумға жетіп, 11,3 млрд АҚШ долларды құрағанын айта кеткен жөн. Профициттің өсуі тауарлар экспортының өсу қарқынының импортқа қарағанда анағұрлым жоғары болуына байланысты.

Тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56,8%-ға өсіп, 42,3 млрд АҚШ долларына жетті. Тауар экспорты сыртқы сұраныстың тұрақты деңгейінен және шикізат, әсіресе, мұнай бағасының өсуінен қолдау тапты. Атап айтар болсақ, мұнай мен газ конденсатының экспорты 84,7%-ға өсіп, 24,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Өз кезегінде, тауар импорты 14,8%-ға өсіп, 21,4 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім аралық тауар импортының (19,3%-ға немесе 1,8 млрд. АҚШ доллар) және азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарлары (9,7%-ға немесе 409 млн. АҚШ доллар) импортының өсу себебінен болды.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі де есепті кезеңде 31,7%-ға (немесе 3,3 млрд АҚШ долларына) өсіп, 13,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өсім шикізат секторында, ең алдымен, мұнай-газ секторында шетелдік инвесторлардың жоғары шоғырлануымен түсіндіріледі. Дәстүрлі түрде инвесторлар кірісінің өсуі сауда балансының өсімін өтей отырып, ағымдағы шоттың жақсаруын тежейді.

Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 7,4 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдо қалыптасты. Ол сыртқы активтердің таза ұлғаюы мен сыртқы міндеттемелердің азаюын көресетті (2021 жылдың бірінші жартыжылдығында таза кіріс 2,8 млрд АҚШ долларын құрады). Қаржы шотының оң сальдосы, негізінен, мемлекеттік сектордың операцияларымен қамтамасыз етілді.

Резервтік активтер (Ұлттық қордың активтерін есепке алмағанда) 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 32,0 млрд АҚШ долларына бағаланды. Бұл Қазақстанның тауар мен қызмет импортын 7,3 ай бойы қаржыландыру мүмкіндігін көрсетеді.

Сонымен бірге атап өтетін жайт, Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылдың І жартыжылдығы бойынша төлем балансы бойынша нәтижелерді қалыптастыру кезінде жеке тұлғалардың трансшекаралық электрондық саудасына, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктердің «сұр»  импортына байланысты операцияларды қосымша есепке алуды жүргізді.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың ЕАЭО елдерінен өз қажетіне жарату немесе қайта сату үшін әкелген автокөліктері мемлекеттік тіркеуге  алынбағаны мәлім. Мұндай автокөлік импорты сыртқы сауданың ресми статистикасында есепке алынбайды. Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 2015 жылдан бастап көрші елдерден автокөліктердің «сұр» импорты 4,2 млрд АҚШ долларын немесе жылына орта есеппен, шамамен, 500 млн долларды құрады. Осындай импорттың ең жоғары болған кезеңі 2021 жыл болып отыр. Осы кезеңде жалпы сомасы 980 млн АҚШ доллары көлемінде 131,2 мың автомобиль импортталған, яғни, әр импортталған көлік құны орташа есеппен 7,5 мың долларды құрады.

Автокөліктердің «сұр» импортын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғалар рәсімдеген сақтандыру полисі негізінде жүргізілді. Бұл талдау жұмысы автокөліктің маркасы, шығарылған жылы және әкелу кезіндегі «жасы» бойынша елге әкелінген автокөліктердің құнын бағалау арқылы жүргізілді. Жақында автокөліктердің «сұр» импорты туралы мақала жариялау жоспарда бар, онда жүргізілген жұмыстардың әдістемелік тәсілдері толығымен жарияланады.

Халықаралық сауда статистикасы жеке тұлғалардың шетелдік сайттар арқылы сатып алған тауарлары туралы деректерді де қамтымайды. Ұлттық Банк азаматтардың онлайн-платформалар арқылы сатып алатын импорт көлеміне бағалау жүргізді. Бұл бағалау жеке тұлғалардың шетелдік эквайринг жүйесінде қазақстандық төлем карталарын пайдалана отырып жүргізген қолма-қол ақшасыз төлемдерін талдауға негізделген. Төлем балансының баптары бойынша операцияларды жіктеу сыртқы сауда (қызмет көрсету) орындарының экономикалық қызмет түрін сипаттайтын МСС-кодтарын қолдану арқылы жүзеге асырылды.

Интернет-платформа арқылы тауар сатып алушылардың қатары көбейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл үрдіске пандемиямен байланысты шектеулер де ықпал етті. Мәселен, Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 2015 жылдан бастап интернет-платформалар арқылы сатып алынған тауар импортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларына теңессе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 7,5 есе ұлғайып 749 млн АҚШ долларын құрады. Электрондық платформалардың танымалдылығының артуына байланысты біз электрондық сауда көлемінің ұлғаюын күтеміз. Осы тұрғыда электрондық сауда көлемін жүйелі түрде бағалау сыртқы сектор статистикасын қалыптастыру жұмыстарының құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.

Операциялардың осы түрлері бойынша төлем балансының деректері 2015 жылдан бастап қайта есептелді. Бұл операциялар жеке тұлғаларды сыртқы сектор статистикасымен қамтуды кеңейтеді және төлем балансының құрамдас бөліктерін теңестіре отырып, ағымдағы шоттың баптарын толықтырады.