Қазақстан Қытай туристері арасында қонақүй брондау көлемінің ең жоғары өсімі тіркелген шетелдік бағыттардың үздік бестігіне енді. Бұл туралы ірі онлайн-туристік компания Tongcheng Travel таратқан деректерге сілтеме жасап Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Компания мәліметінше, Қытайда Ұлттық мереке және Күз ортасы фестиваліне арналған сегіз күндік демалыс кезінде алыс бағыттағы шетелдік топтық турларға сұраныс күрт артқан. Мұндай турлардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Демалыс күндері Қытай туристері тарапынан Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі халықаралық қонақүйлерге брондау айтарлықтай көбейген.
Қонақүй брондау өсімі бойынша алғашқы бестікке Сауд Арабиясы, Египет, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері енді.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік алмасу үдей түсті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 675 мыңнан асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 655 мың адам болған. Бұл – Қытай нарығында Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және елді туристік бағыт ретінде ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету мен тікелей әуе қатынастарын кеңейту жұмыстарының нәтижелі екенін көрсетеді», – деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Сондай-ақ Қытайдың ең ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан туралы орташа тәуліктік іздеу сұраныстары 420–430 мыңға жеткен. Ең белсенді өңірлер қатарында Гуандун және Чжэцзян провинциялары, Бейжің, сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Шаньдун провинциясы бар.