Қазақстанға 630 миллиард теңгенің активтері қайтарылды. Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке 630 миллиард теңгеден астам ақша мен мүлікті қайтарды. Кеден саласындағы прокурорлардың актілері бойынша бюджет 57 млрд теңгеге толықтырылды, 5 млрд теңгенің 140 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, 13,5 млрд теңгеге мемлекет мүлкін қайтару туралы сотқа талап-арыздар түскен. Жоғарғы сот 16 наразылықты қанағаттандырды, оған сәйкес қазынаға тағы 23 миллиард теңге түседі деп күтілуде.
Еске салайық, биыл маусым айының басында Қазақстанда президент жарлығымен шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару үшін комиссия құрылған болатын. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры басқаратын комиссия құруға жеке ниеті бар екенін айтты.