Astana Finance Days аясында өткен ITS Ideas конференциясында қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінің өзгерісінен бастап Үндістандағы инвестициялық мүмкіндіктерге дейінгі маңызды тақырыптар қамтылды. Спикерлер жаһандық экономиканың жаңа трендтерін, тәуекелдері мен драйверлерін атап өтті.

Қазақстандықтардың ақша жұмсау әдеттері қалай өзгерді?

Қаржы кеңесшісі Күнекей Нұрлан қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінің эволюциясына тоқталды. Оның айтуынша, дәстүрлі «жастық астындағы ақша» кезеңінен бастап Kaspi эффектісі арқылы тұтынушылық модельге өту, кейін пандемия кезінде жинақтауға бет бұру, қазір инвестицияға қызығушылық арту – бұл тұтас трансформация.

«Kaspi эффектісі он жылға созылуға тиіс эволюцияны бір жылдың ішінде жүзеге асырды», – деді сарапшы.

Нұрланның пайымдауынша, негізгі кедергі заңнама емес, халықтың менталитеті мен сенімсіздігі болып отыр. Дегенмен дәл қазір Kaspi үлгісін қайталап, халықты жинақтан инвестицияға көшіру мүмкіндігі бар.

Дамушы елдер: жаһандық өсімнің жаңа орталығы

«Экономикалық зерттеулер институтының» төрайымы Әсел Сарсенбаева әлемдік экономиканың жаңа жағдайын талдады.

«Қазіргі таңда әлемдік экономикалық өсімнің 78%-ын дамушы елдер қамтамасыз етіп отыр, оның ішінде Қытай мен Үндістан басты үлеске ие», – деді ол.

Сонымен қатар BRICS аясында ұлттық валюталардың үлесі артып келеді. Қазақстан болса, жаһандық құн тізбегіне интеграцияда 12-орынға шыққанымен, позициясын нығайту үшін өңдеуді тереңдету қажет.

Азияның көтерілуі: тұрақсыздыққа қарсы жаңа сауда үлгісі

Инвестициялық стратег Юнус Йеникалайчи Азияның, әсіресе Қытайдың, әлемдік саудадағы рөлін атап өтті.

«Жеткізу тізбегінің қатысушылары шығындарды барынша азайтудан гөрі тұрақтылыққа басымдық беріп, жаңа бағыттарға қайта құруда. Біз әлемдік сауданың елеулі өзгеріс табалдырығында тұрмыз» деді ол.

Геосаяси тұрақсыздық, пандемия және тарифтік саясат компанияларды аймақішілік сауданы күшейтуге итермелеп жатыр. Бұл тренд инвесторлар үшін «тыныш айлақ» іздеудің жаңа кезеңін бастады.

Инвестициядағы жаңа драйверлер

ITS, Freedom Finance, Halyk Finance және BCC Invest сарапшыларының пікірінше, инвесторлар қазір сақтық пен жаңа мүмкіндіктерді үйлестіріп қадам жасауға тиіс.

«Негізгі өсім нүктесі – жасанды интеллект. Ол маржиналдықты арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», – Freedom Finance Global сарапшысы Вадим Меркулов.

Ал Halyk Finance өкілі Амир Актанов алтынға сұраныстың күшейгенін атап өтті.

«2024 жылы орталық банктер рекордтық 1086 тонна алтын сатып алды», – деді ол.

BCC Invest сарапшысы Сұлтан Жұмағали қарапайым географиялық диверсификация жұмыс істемейтінін, нақты әртараптандыру Латын Америкасы мен Қазақстан арқылы іске асуы мүмкін екенін айтты.

Үндістан: ұзақмерзімді ойын алаңы

Alpha Alternatives басшысы Прашант Котари Үндістан нарығының әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, 1,5 млрд халқы бар елдің ЖІӨ өсімі 5–8% деңгейінде, ал 300-ден астам компанияның капитализациясы $1 млрд-тан асады.

«Үндістан – ұзақ мерзімге инвестиция жасауға дайын адамдар үшін жақсы нарық», – деді Котари.

Ал Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов ITS жуықта үнділік ETF-терді қазақстандық инвесторларға қолжетімді ететінін айтты.