Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен бизнестің өкілдерімен бірлесіп, «Кәсіби біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіби біліктілік мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеп жатыр.

Негізгі заң жобасы шеңберінде мамандардың біліктілік жүйесінің «толық циклін» қалыптастыру мақсатында мынадай жаңашылдықтар енгізіліп отыр.

Біріншіден, мамандардың біліктілігін бағалаудың екі нысаны анықталады: міндетті түрде (ҚР заңдары деңгейінде белгіленеді және реттеуші мемлекеттік органдар жүзеге асырады) және ерікті негізде.

Екіншіден, жұмыскерлерді біліктіліктерін тану және жұмыс берушілерден өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер арқылы жаңа дағдылар алу бойынша ынталандыру; өз жұмыскерлерін біліктілігін арттыруға жіберетін жұмыс берушілер үшін қызметті декларациялау шаралары және тағы басқа енгізіледі.

Сондай-ақ біліктілікті тану орталықтарының, өз біліктілігін тануға үміткерлердің ерікті негізде жүзеге асырылатын құқықтары мен міндеттерін белгілеу көзделеді.

Бейресми білім беру нәтижесінде алынған біліктіліктерді тану жөніндегі қағидаттарды енгізу басты мәселе болып табылады.

«Жаһандық және ұлттық сын-қатерлер еңбек ресурстары мен біліктілік жүйесінің құзыретін дамытуға бағытталған жұмыспен қамтудың жаңа саясатын қалыптастыру қажеттілігін айқындайды. Бірақ ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша Қазақстанның ресми және/немесе бейресми білім беруге қатысу деңгейі бар болғаны 17%-ды құрайды. «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы қазақстандық қызметкерлерді олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге ынталандыруға бағытталған, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады», – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Заң жобаларын қабылдау:

- қызметкерлерге біліктілігіне сай тез және сапалы жұмысқа орналасуға;

- жұмыс берушілерге қызметкерлердің кәсіби жарамдылық деңгейін нақты, тәуелсіз бағалауды алуға, білікті мамандарды алуға және еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді.