Қазақстандықтар Украина халқына бес күнде 100 млн теңге жинады

Қазақстан Баспасөз клубында Украинадағы жағдайға байланысты баспасөз конференция өтті.

 Оған Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Пётр Врублевский, саясаттанушы Досым Сатпаев, «Ел болашағы» азаматтық бастамасының басшысы Тоғжан Қожалиева, бастамашыл топтың мүшесі Амандық Дәулетбекұлы, еріктілер тобының үйлестірушісі Динара Мелиханова қатысты.

Спикерлер Украинадағы ахуалды, соның ішінде гуманитарлық жағдайды талқылады. Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, тәуелсіз мемлекет ретінде Украина өзінің тұтастығын қорғауға толық құқылы.

«Біз жақында ғана қасіретті қаңтар күндерін бастан өткерген көпұлтты Қазақстанның біртұтас халқымыз. Кремльдің Украинаға жасап жатқан әскери агрессиясына аса алаңдап отырмыз. Ғасырлар бойы татулығына сызат түспеген бауырлас екі елдің соғысын көру біз үшін ауыр. Соғыс кезінде мыңдаған адамдар өз үйлерін тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Кез келген соғыс – ауыр гуманитарлық дағдарыс. Қазір Украина халқы үшін киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік тапшы», деді Тоғжан Қожалиева. 

Гуманитарлық көмекті ұйымдастырушы «Ел болашағы» азаматтық бастамасы жанынан еріктілер штабы құрылды. Штаб қазақстандықтардан келіп жатқан заттай көмек пен жиналған қаражатқа алынған дәрі-дәрмек, азық-түлік пен өзге де тұрмыстық заттарды қабылдап, сұрыптап, жөнелтумен айналысуда. Жалпы, 26 сәуірден бері қазақстандықтар 100 млн теңгеден астам қаражат жинады. Қазірге дейін үш рейс гуманитарлық көмек жіберілді. Айта кетерлігі, гуманитарлық көмектің тасымалын Украинаның Қазақстандағы елшілігі өз мойнына алды.

Гуманитарлық акция Украинадағы жағдай әбден тұрақтанбайынша жалғаса береді. Осы орайда, «Ел болашағы» азаматтық акциясы тағдырлары қыл үстінде тұрған украин халқына жанашырлық танытып гуманитарлық көмекке атсалысуға шақырады!