Қазақстан Ұлттық банкі қазақстандықтарға шетелде өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа жүйе Қытай, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерде іске қосылуы мүмкін.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов Central Asia Fintech Summit 2026 форумында айтты.
Қытайда жүйе жыл соңына дейін іске қосылуы мүмкін
Жаленовтың айтуынша, Ұлттық банк қазір 11 елмен трансшекаралық төлемдерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қытай бағыты бойынша нақты келісімдер жасалып, жүйені 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Ал қалған елдермен төлем жүйелерін кезең-кезеңімен іске қосу көзделген. Негізгі бағыттардың көпшілігі бойынша алғашқы іске қосулар 2027 жылдың бірінші жартысында басталуы мүмкін.
Шетелде қалай төлем жасалады?
Жүйе іске қосылғаннан кейін қазақстандықтар шетелде тауар немесе қызмет үшін төлем жасағанда жергілікті QR-кодты өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы сканерлей алады.
Мысалы, Қазақстан азаматы Қытайға барған кезде дүкендегі немесе мейрамханадағы QR-кодты Қазақстандағы банкінің қосымшасы арқылы сканерлеп, төлем жасай алады.
Сонымен қатар кері бағытта да жұмыс істейді.
Қазақстандық пайдаланушы өз QR-кодын шығарып, оны шетелдік азаматқа көрсете алады. Ол адам өз елінің төлем жүйесі арқылы қазақстандыққа ақша аудара алады.
Яғни жүйе тек шетелде төлем жасауға емес, Қазақстанға ақша қабылдауға да мүмкіндік береді.
Комиссияны банктер белгілейді
Трансшекаралық QR-төлемдердің комиссиясы бірыңғай болмайды.
Бинұр Жаленовтың айтуынша, комиссия мөлшерін төлемді жүргізетін банк өзі анықтайды.
Сондықтан нақты комиссия көлемі пайдаланылатын банкке, елге және төлем түріне байланысты болуы мүмкін.
Ұлттық банктің бұл жобасы іске асса, қазақстандықтар үшін шетелде төлем жасаудың тағы бір баламасы пайда болады. Әсіресе Қазақстан азаматтары жиі баратын Қытай, БАӘ және басқа елдерде банк қосымшасы арқылы тікелей QR төлем жасау қолайлы болуы мүмкін.