Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) активтері 2022 жылғы 3-тоқсанда 3,9%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,9 трлн теңгені құрады (жыл басынан өсу – 22,1%). Активтердің ұлғаюы микроқаржылық ұйымдардың кредиттік портфелінің өсуімен байланысты болды.
МҚҚЖҰ құрылымында активтердің неғұрлым жоғары үлесі микроқаржылық ұйымдарға – 1 032 млрд теңге немесе 54%, кредиттік серіктестіктерге – 632 млрд теңге немесе 33%, ломбардтарға – 251 млрд теңге немесе 13% тиесілі.
МҚҚЖҰ-ның несие портфелі 2022 жылғы 3-тоқсанда негізінен, жеке тұлғаларға қарыздардың өсуі нәтижесінде 91 млрд теңгеге немесе 5,6%-ға ұлғайып 1,7 трлн теңгені құрады (жыл басынан өсу – 25,8%).
Жеке тұлғаларға қарыздардың көлемі 2022 жылғы 3-тоқсанда 6,5%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады. Оның ішінде дара кәсіпкерлерге берілген қарыздар 223 млрд теңгеге дейін 5,6%-ға өсті.
Заңды тұлғаларға қарыздар 2022 жылғы 3-тоқсанда 430 млрд теңгеге дейін 2,7%-ға ұлғайды, 2022 жылдың басынан бері өсу 25,0%-ды құрады.
МҚҚЖҰ портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі (NPL) 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 4,7% -ды құрады (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 4,5%).
Жеке тұлғалардың портфеліндегі NPL деңгейі 6,1%-ды құрады (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 5,8%). Жеке тұлғаларға берілген қарыздар сапасының нашарлауы, негізінен, 50 АЕК-ке дейін сомаға қысқа мерзімді микрокредиттер сегментінде байқалады.
Заңды тұлғалардың портфеліндегі NPL деңгейі ағымдағы жылдың басынан 0,2 п.т. шамалы төмендеп, 0,5%-ды құрады (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша NPL деңгейі 0,7%-ды құрады).
МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 2022 жылғы 3-тоқсанда 3,2%-ға немесе 39 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады (жыл басынан өсу – 25,3%). Жиынтық міндеттемелердің ұлғаюы тартылған қарыздардың 5,5%-ға немесе 54,1 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде болды, МҚҚЖҰ міндеттемелерінің құрылымында олардың үлесі 82,9%-ды немесе 1 040 млрд теңге құрайды.
2022 жылғы 3-тоқсанның қорытындысы бойынша МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы 5,2%-ға ұлғайып, 661 млрд теңгені құрады (жыл басынан өсу – 16,4%). Бұл көрсеткіштің өсуі бөлінбеген таза пайданың 33,4 млрд теңгеге немесе 13,8% ға ұлғаюымен қамтамасыз етілген.