Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында кәсіпорындар 13,5 млрд дана сигарет, сигара, шылым және басқа да ұқсас өнімдер шығарды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15% артық. Ақшалай есептегенде 206,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, деп хабарлайды energyprom.kz.

Анықтама үшін: тұтастай алғанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, өндіріс 3,5% азайып, 16,2 млрд болды.

2022 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар сигарет пен шылымға деген сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) бір жыл бұрынғы 77,9%-бен салыстырға,нда 60,1% қамтамасыз етті. Импорттың үлесі тиісінше 39,9%-ды құрады. Елге 7,8 млрд дана сигарет пен шылым әкелінді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе көп (бұл кезеңде өндірістің жылдық өсімі 15,4% болды).

Экспорттың үлесі пайдаланылған ресурстардың 22,5%-ын құрады, бір жыл бұрын көрсеткіш 8,9% болған. Атап айтқанда, бұл 4,4 млрд темекі өнімі, бір жыл бұрынғыдан 3,8 есе көп.

Ішкі сатылымдар өткен жылмен салыстырғанда 27,1% өсіп, 15,2 млрд дана болды.

Биылғы екінші тоқсанда үй шаруашылықтарының темекі өнімдеріне жұмсаған шығыны 11,2 мың теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,8% көп. 

Елімізде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көп темекі шегеді: екінші тоқсанда облыстағы әрбір үй орта есеппен темекі өнімдеріне 19,5 мың теңге жұмсаған. Одан кейін Павлодар (18 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (17,7 мың теңге) облыстары.

Темекі өнімдеріне ең аз ақша жұмсаған шымкенттіктер: бар болғаны 1,7 мың теңге.

Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша, фильтрлі сигареттер бір жылда 16,4% қымбаттаған. Баға ең күшті өскен Шығыс Қазақстан (21,6%) және Ақмола (20,5%) облыстары мен Алматы (19,3%) қаласы. Ал баға ең аз өскен Алматы облысы (11%).

Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қағуда, өйткені елде вейптің таралуы эпидемиялық сипатқа ие, деп хабарлайды zakon.kz. Дегенмен, көптеген сарапшылар вейптерді сатуға тыйым салынбай, оның саудасы реттеліп, ретке келтірілуі керек деп санайды. Тыйым салу адал ойыншылардың нарықтан шығуына әкеліп соғады және вейп саудасын көлеңкелі саудаға итермелейді.