Ұлттық банк қазақстандық кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға 3 343 кәсіпорын қатысты, оның ішінде 1 576 ірі және орта кәсіпорын болды.

Мониторинг нәтижесі дайын өнім өндіру көлемінің ұлғаюына, дайын өнім бағасының өсуіне, өткізу рентабельділігіне, сондай-ақ активтер мен айналымдағы қаражаттардың айналымына байланысты нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің оң динамикасы жалғасып келе жатқанын көрсетті.

2022 жылдың II тоқсанында дайын өнімге сұраныс біршама баяулады. Диффузиялық индекс (ДИ) 52,7-ден 51,3-ке дейін өзгерді. Көрсеткіштің баяулағаны тауар өндіру (52,0) мен қызмет көрсету (50,8) секторларында, сондай-ақ тау-кен өндіру (53,0) мен өңдеу (52,2) өнеркәсібінде байқалды. Кәсіпорындарда дайын өнімге баға өсу қарқыны ұлғайды, ДИ 66,0 болды. Сонымен қатар тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде бағаның өсуі баяулаған (ДИ тиісінше 63,8 және 68,1 дейін өзгерді).

Бұрынғыдай, кәсіпорындар Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы бизнесті жүргізуге кедергі екенін айтады. Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 38,9%-ы бұны растады. Басқа кедергі: бәсекелестік (28,0%); салық деңгейі (23,3%); сатып алушыларды іздестіру (23,0%); білікті мамандардың жетіспеуі (21,6%); дебиторлық берешекті қайтарудың күрделілігі (12,9%) болды. Қаржыландыруға қолжетімділік маңыздылығы жағынан 8-орында (12,5%) тұр.

2022 жылдың II тоқсанында сауалнама геосаяси жағдайдың және Ресей Федерациясына қарсы енгізілген санкциялардың кәсіпорындардың қызметіне әсері туралы сұрақпен толықтырылды. Кәсіпорындардың 54,3%-ы геосаяси ахуал мен тиісті санкциялар олардың қызметіне кері әсер еткенін мәлімдеді, бұл ретте кәсіпорындардың 12,0%-ның бизнесі едәуір зардап шеккен. Ал респонденттердің 41,8%-ы геосаяси жағдайдың әсер ете қоймағанын атап өтті.