2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 150 эмитенттің 164 акциясы болды, олардың 3 шығарылымы «листингтік емес бағалы қағаздар» секторында және 43 атау KASE Global секторында айналысқа жіберілген.
2021 жығы KASE индексі 3 675,28 тармаққа дейін 37,4%-ға өсті. Баға белгілеудің барынша ұлғаюы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ (+136,2%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (+84,6%), «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ (+50,8%), «Қазақтелеком» АҚ (34,1%) бойынша болды.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша акциялар нарығын капиталдандыру листингтелетін компаниялар құнының өсуі есебінен 2021 жылы 51%-ға ұлғая отырып (2021 жылғы желтоқсанда 4,5%-ға төмендеді), 28,8 трлн теңгені құрады.
2021 жылы акциялармен сауда-саттық көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 80,1%-ға ұлғайып, 429,2 млрд теңгені құрады. 2021 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі 2021 жылғы қарашадағы акциялармен сауда-саттық көлемімен салыстырғанда 13,9 есе ұлғая отырып, 216,3 млрд теңгені құрады. Желтоқсан айында қор нарығындағы белсенділіктің ұлғаюы «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ-тың акцияларын кері сатып алуға (127,2 млрд теңгеге акциялар сатып алынды) байланысты болды.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша KASE-дегі сауда-саттық жасалған корпоративтік борыштың көлемі 2021 жылы 4,8%-ға ұлғая отырып (2021 жылғы желтоқсандағы өсуі – 0,6%), 15,4 трлн теңгені құрады.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 80 эмитенттің 318 корпоративтік облигациялар шығарылымы болды.
KASE-дегі корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 26,4%-ға төмендеп, 1,9 трлн теңгені құрады. 2021 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі 2021 жылғы қарашамен салыстырғанда 71,3%-ға төмендеп, бастапқы нарықтағы мәмілелер үлесінің ұлғаюы есебінен 277,8 млрд теңгені құрады.
2021 жылғы желтоқсанда 198,4 млрд теңге жалпы сомаға облигациялардың 10 шығарылымы орналастырылды, оның ішінде 82,3%-ы квазимемлекеттік сектор компанияларына, 16%-ы қаржылық емес секторға тиесілі.
2021 жылғы желтоқсанда корпоративтік облигациялардың қайталама нарығында инвесторлардың негізгі санаттары бойынша банктердің үлесі 2,3%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 12,6%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 25,3%, басқа заңды тұлғалардың үлесі 56%, жеке тұлғалардың үлесі 3,8% болды. Бейрезиденттердің үлесі 10,4%-ды құрады.
KASE-де сауда-саттыққа түсетін номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 2021 жылы 6,5%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 1 қаңтарда 17,8 трлн теңгені құрады. 2021 жылғы 1 желтоқсандағы көрсеткішке қатысты 2,7%-ға азайды.
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздар сауда-саттығының жиынтық көлемі 2021 жылы 3,6 трлн теңгені құрады және 2020 жылға қарағанда 23,1%-ға төмендеді. 2021 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік бағалы қағаздар сауда-саттығының жиынтық көлемі қарашамен салыстырғанда 2,5 есе азайып, 249,2 млрд теңгені құрады.
Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 27,7%-ға төмендеп, 2021 жылы 2,7 трлн теңгені құрады. 2021 жылғы желтоқсанда сауда-саттық көлемі 109,8 млрд теңгені құрады, оның 81%-ы немесе 89 млрд теңгесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға арналған.
2021 жылғы желтоқсанда қайталама нарықтағы инвесторлар құрылымында банктер үлесіне 41,6%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 9,1%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 11,9% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 37,0%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,4%-ды құрады. Бейрезиденттердің қатысуы 7,5%-ға бағаланады.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 33 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның 20-cы – аралық, 12-cі – жабық және 1-уі ашық қор.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі 2021 жылы 106,5%-ға өсіп (2021 жылғы желтоқсан үшін өсім – 0,4%), 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 483,2 млрд теңгені құрады Бұл ұлғаю, ең алдымен, инвестициялық пай қорларын орналастыру арқылы инвесторлардың тартылған активтері есебінен болды.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорларының негізгі активі бағалы қағаздардың портфелі болып табылады, ол 426,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 88,3%-ын құрайды, бұл ретте портфельдің 98,7%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорлары портфеліндегі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары 328,5 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 68%-ын, ҚР резидент-эмитенттерінің бағалы қағаздары – 71,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 14,8%-ын құрады. Сондай-ақ активтердің құрамында 17,4 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,6 %-ы мөлшерінде шетелдік инвестициялық қорлардың пайлары бар.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында 38 брокер мен дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ бар. Бұдан басқа «Қазақстан қор биржасы» АҚ базасында орталық контрагент жұмыс істейді.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялар саны 72 дананы құрады.