Автор: Жанель Абуева

Соңғы бірер жылда отандық компаниялардың IPO-ға шығуы мен жалпы қор нарығындағы белсенділіктің артуы қазақстандықтардың құнды қағаздарға инвестиция сала бастауына түрткі болды. Былтырғы қаңтардан бастап биыл ақпанға дейінгі бір жылдан сәл артық уақытта Қазақстандағы бөлшек инвесторлар саны, Орталық депозитарийдің мәліметінше, 963 мыңнан 2 млн 575 мыңға дейін екі жарым есе өскен.

Әйел инвесторлар саны 3 есе көбейді

Соның ішінде әйелдердің қарқыны жоғары, бір жылдан артық уақытта олар 3 есе көбейсе, ер инвенсторлар 2,4 есе ұлғайған. Нәтижесінде ерлер мен әйелдер шамамен теңесті. Былтыр осы уақытта айырмашылық айтарлықтай еді.


Инвесторлардың жартысына жуығы жастар

Жас бойынша, 35-54 жас аралығындағы инвесторлар саны жалпы көрсеткіштің 38,3%-ы, яғни олардың нақты саны 986,2 мың. Екінші орында жастар, яғни 25-34 жас аралығындағылар 808,5 мың, үлесі 31,4%. 18-24 аралығындағылар 15,9%, яғни 409,4 мың. Егер 18-35 жас аралығын ресми жастар деп алсақ, олар жалпы инвесторлардың 47,3%-ы болар еді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда ең көп инвесторлар жастар арасында, саны 1,2 млн-нан астам.

Зейнеткерлер мен кәмелетке толмағандар арасында да қор нарығына қаржы салушылар бар, олардың саны тиісінше 368,2 мың және 2,6 мың.  


Өңір халқы да қор нарығына көптеп келіп жатыр

Бір қызығы, Алматы мен Астанадан басқа өңірлерде инвесторлар қарқынды көбейіп келеді. Мәселен, былтыр жыл басында екі мегаполистегі инвесторлар жалпы көрсеткіштің 35,7%-ы болса, биыл ақпанда бұл көрсеткіш 31,6%. Сандық көрсеткішпен айтқанда, өңірлердегі инвесторлар саны бір жылдар сәл артық уақытта 619,2 мыңнан 1,8 млн-ға жуық көбейген.


2023 жыл қор нарығы үшін табысты болды

2023 жыл қор нарығы үшін жаман болған жоқ. Дамыған нарықтардың әлемдік акцияларының көрсеткіші MSCI World индексі толық 2023 жылы 22% өсті. Бұл соңғы төрт жылдағы ең жақсы көрсеткіш еді.

Әлемдік нарықтың өсіміне, әрине, уолл стриттің негізгі көрсеткіштерінің бірі S&P 500 көрсеткішінің бір жылда 24% өсуі ықпал еткен еді. Бұл жалпы тарихи максимумға жетер-жетпес көрсеткіш. Ірі индекстердің бірі NASDAQ тіпті 31%-дан астам өсті. Dow Jones шамамен 12% көбейді.

Бұндай айтарлықтай өсімнің негізгі себептерінің бірі – орталық банктердің базалық мөлшерлемені түсіріп, нарықты ынталандыруы еді. Айта кетерлігі, 2023 жылы Қазақстанның да Ұлттық банкі ақша-несие саясатын айтарлықтай жұмсартқан еді. Бірақ бұл туралы кейінірек.

Өз кезегінде лондондық FTSE 100 көрсеткіші былтырғы жылды 4%-ға жетер-жетпес өсіммен қорытындыласа, жалпы еуропалық қор нарығы 13% шамасында өсім көрсетті. Соның ішінде Франкфурттың DAX индексі 12%-дан артық өсті.

Есесіне, Азия нарығы мұндай жақсы өсім көрсете алмады. Мәселен, Шанхай биржасы 14% құлдырап кетті.

Қазақстанға келер болсақ, 2023 жылы KASE индексі шамамен 30% өсім көрсетті.

Freedom Finance Global талдаушысы Елдар Шакеновтың негізгі 9 саладағы ең қатты қымбаттаған топ 10 компанияны назарларыңызға ұсынады.

• Энергетика

Энергетика саласы 2023 жылы аумалы-төкпелі болғаны анық. Әлемнің бірқатар аймақтарындағы тұрақсыздық ең алдымен әсер ететін салалдардың бірі осы – энергетика. Нәтижесінде, бұл қымбаттаған да, құлдыраған да компаниялар болды. Назарларыңызға ұсынып отырған ең қатты қымбаттаған 10 компанияның ішінде Dorian LPG Ltd көшбасшы. Бір жылда акция құны 142% өсті. Материал дайындалған, яғни наурыздың 11-і күні акциясы 37,58 доллар тұрады.

Бұдан бөлек Cameco Corp., TechnipFMC PLC компанияларының да табыстылығы жаман болған жоқ, тиісінше 88% және 74% қымбаттады.


• Азық-түлік

2022 жылы соғыс басталғаннан кейін азық-түлік саласы былтыр біртіндеп қалпына келе бастады. Дегенмен, мұнда да жағдай біркелкі емес. Ең қатты қымбаттаған 10 компанияның ішінде көш басында Bellring Brands Inc (117%) болса, оныншы орындағы Kroger Co компаниясы небары 3% ғана өскен. Қазір Bellring Brands Inc акциясы 59,77 доллар тұрса, Kroger Co акциясының құны 55,97 доллар.


• Банктер

Банк секторында бірінші орында UBS Group AG 63% қымбаттады. Қазіргі құны 27,24 доллар.

Одан бөлек Banco Bilbao Vizcaya Argentaria SA акциясы 48% табыс әкелді.

HSBC Holdings PLC, Mitsubishi UFJ Financial Group Inc, JP Morgan Chase & Co, Sumitomo Mitsu Financial Group Inc компаниялары 20-30% арылығында өсті.


• Қаржы

Жалпы қаржы саласында 2023 жылы Marathon Digital Holdings Inc ең көп өсім көрсетті. Біәр жылда 591% қымбаттады. Қазіргі құны 23,48 доллар. Жалпы, бұл салада 6 компанияның акциясы екі еседен артық қымбаттаған екен.


• Медиа

Медиа саласында Meta Platforms Inc акциясы бір жылда 184% қымбаттаған, қазіргі құны 505,95 доллар. Одан бөлек Spotify, Netflix, Pinterest секілді компаниялар да инвесторларына жақсы табыс әкелді.


• Ритейл

Бөлшек сауда саласында Carvana Co акциясы 10 еседен артық, яғни 1043% қымбаттады. Қазіргі құны 85,30 доллар. Одан кейінгі орындағы Abercrombie & Fitch Co акциясы 3 есеге жуық, 274% өскен.

Жалпы бұл сала былтыр ең табысты салалардың бірі болды десек қателеспейміз. Аталған екі компаниядан бөлек үздік ондықтағы қалған компаниялар да шамамен бір жарым еседей өскен.


• Телекоммуникация

Бұл салада былтыр бар болғаны 5 компанияның ғана акциясы қымбаттаған. Атап айтқанда олар Telefonica Brasil SA (69%), Telephone and Data Systems Inc (67%), Comcast Group (23%), T-Mobile Us Inc (15%) және America Movil SAB de CV (1%).


• Технология

Технология саласы ең жақсы өскен салалардың бірі. Мұнда 9 компанияның акциясы екі еседен артық қымбаттады. Соның ішінде Affirm Holdings Inc акциясы 440% өсті. Қазіргі құны 38,75 доллар.


• Фармацевтика

Бұл сала басқалармен салыстырғанда соншалықты табысты болған жоқ дегенімізбен, 8 компанияның акциясы өскен. Оның ішінде ең көп Eli Lilly and Co акциясы 60% қымбаттаған. Қазіргі құны 762,14 доллар.


Қорыта айтар болсақ, қор нарығы үшін 2023 жыл табысты болды. Соның ішінде АҚШ биржасы мен Британ және Еуропа нарығы да жақсы көрсеткішке жетті. Отандық KASE көрсеткішіне де көңіл толады.

Жекелеген инвесторлардың табыстылығына келер болсақ, редакция таңдан алған 9 салада өте жақсы көрсеткішке жеткен компаниялар баршылық, әсіресе азық-түлік, технология, қаржы, ритейл, медиа, банк секторында айтарлықтай өсім көрсеткен компаниялар болды.