Қазақстандық EdTech-стартап CodiPlay Лондонда ExCeL көрме орталығында өткен Bett 2024 білім беру технологиялары саласындағы ең ірі әлемдік іс-шарада өзінің инновациялық шешімдерін жоғарғы деңгейде көрсете алды. Компанияның осындай маңызды оқиғаға қатысуы Ұлыбританияның бірқатар мектептерін өзіне стратегиялық маңызды серіктес етуіне үлкен мүмкіндік берді. Бір ай ішінде 40 ағылшын мектебі CodiPlay арқылы оқытуды бастауды жоспарлап отыр.
CodiPlay мобильді ойындар арқылы оқушыларға Scratch, C++ және Python бағдарламалау тілдерін үйрету шешімдерін ұсынады. Оқу бағдарламасында қосымшамен қатар, бағдаршамнан смарт үй жүйесіне дейін жасауға арналған бөлшектер мен макеттерді қамтитын, түрлі IoT (Internet of Things) жобаларынан тұратын CodiKit жинақтары да бар. Сондай-ақ, стартап аясында арнайы мұғалімдерді қолдауға арналған CodiTeach веб-платформасы да іске қосылған.
«Білім беру және оқыту технологиялары» аймағындағы стендте CodiPlay инновациялық оқыту тәсілінің арқасында көптеген көрме қонақтарының назарын аударған өзінің озық білім беру жобаларын ұсынды. Google for education компаниясының өкілдері жобаға назар аударып, өз қолдауларын ұсынды.
Тағы бір айта кететін жайт, Codiplay стендіне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасының Білім министрі Ғани Бейсембаев, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Элиль Байсалов, Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігінің өкілдері де келіп жобаларды тамашалады. Сондай-ақ, көрменің арқасында CodiPlay командасы Лондондағы Мета кеңсесіне келуге шақыру алды.
CodiPlay негізін қалаушы және директоры Жанәділ Талдыбаев компанияның Bett 2024-ке қатысуының маңыздылығын атап өтті: «Біз білім беру технологияларының әлемдік аренасында Қазақстанның атынан шығып,елімізді танытып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Bett2024 бізге тәжірибемізбен бөлісуге, өнімдерімізді жетілдіруге және өз салаларының мамандарымен құнды байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік берді. Біз жобамызға қызығушылық танытқан Ұлыбритания мектептерімен бірқатар кездесулер өткізіп, нәтижесінде стратегиялық серіктестік құру мүмкіндігіне ие болдық. Бүгінгі таңда біздің жүйеге Қазақстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Катар, Әзірбайжан және Индонезия мектептері қосылған. Енді Ұлыбритания да осы тізім қатарында.Біздің жаһандық мақсатымыз -әрбір бала үшін білім беруді қолжетімді және қызықты ету және осындай іс-шараларға қатысу бізге осы мақсатқа жетуге көмектесетіні анық».
Bett көрмесі 1985 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде іс-шараның миссиясы технология арқылы мұғалімдер мен оқушылар үшін оқу процесін өзгерту болып табылады.
Биылғы жылы 24-26 қаңтар аралығында өткен Bett көрмесіне әлемнің 123 елінен 30 мыңға жуық қатысушы келіп, соның ішінде EdTech саласынан 600-ден астам инновациялық компаниялар озық өнімдерін көрсетті.