«Cerebra» отандық стартабы денсаулық сақтау технологиясы бойынша әлемдік көшбасшы – капиталдандырылуы шамамен 144 миллиард АҚШ долларына жеткен «Medtronic» компаниясының деректері бойынша медициналық жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең инновациялық жобалардың ондығына енді. Компанияның 150 елдегі өкілдіктерінде 90 000-нан астам адам жұмыс істейді.
Cerebra – ишемиялық және геморрагиялық инсульттің автоматтандырылған диагностикасына арналған нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект. Жоба Қазақстанның 17 инсульт орталығында сәтті жұмыс істеп жатыр. Компания бұл бағдарламаны елдегі барлық инсульт орталықтарына орнатуды жоспарлап отыр. Оны әзірлеген Almaty A.I. Lab компаниясы 2018 жылдан бері жасанды интеллект саласындағы технологияларды әзірлеумен айналысады.
«Әлемде инсульт диагностикасымен айналысатын бірнеше ғана ірі компаниялар бар. Израиль, Ұлыбритания және АҚШ бәсекелестерінің қаржы, персонал саны, ЖИ оқытуға медициналық деректер көлемі бойынша айқын артықшылықтарына қарамастан, біздің командамыздың адамзатқа пайдасын тигізуге мотивациясы мол. Дамыған елдерде инсульттан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайтылды, ал біздің елімізде инсульт өлімнің бірінші себептерінің бірі болып қала береді. Жобаны шетелге масштабтау үшін біз Қазақстанда жақсы нәтиже көрсетуіміз керек, бұл үшін біз мемлекеттік қолдауға мұқтажбыз», - деп бөлісті жобаның негізін қалаушысы Досжан Жүсіпов.
Cerebra – Astana Hub және АХҚО резиденті. MedTech стартабы бастапқы кезеңде Сингапурдағы Quest Ventures венчурлық қорынан қаржыландыруды тартты. Сонымен қатар, жоба «Сәби» қорының «Өз бизнесіңді құр 2019-2020» байқауында 1 орынға ие болды. Cerebra қазақстандық және шетелдік стартаптар арасында жоғары орынға ие: ол Astana Hub нұсқасы бойынша 2020 жылдың үздік стартаптар ондығына, Irbis Ventures нұсқасы бойынша Орталық Азиядағы ең келешекті стартаптар ондығына кірді, ал 2021 жылдың мамырында жоба Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Ресейдегі 700 стартаптардың ішінде EMERGE Challenge 2021 финалистердің бестігіне енді.