Қазақстандық биржа демалыссыз жұмыс істейтін болды

ITS аптасына жеті күн сауда-саттық өткізуге дайындалып, Қазақстанның халықаралық инвесторлар тартылатын орталық ретіндегі позициясын нығайтуда

ITS халықаралық сауда алаңы жылдың соңына дейін аптасына жеті күн сауда-саттық жүргізу тәртібіне көшуге дайындалып жатыр және шетелдік инвесторларды тартудың есебінен Қазақстан нарығындағы өтімділіктің артуына ықпал етеді. Бұл туралы ITS директорлар кеңесінің мүшесі Роман Горюнов мәлімдеді.

Алматыда Cbonds ақпараттық-талдау агенттігінің ұйымдастыруымен өткен Capital Markets Kazakhstan конференциясында сөз сөйлеген Горюновтың айтуынша, 2026 жылдың IV тоқсанында ITS 21×7 – тәулігіне 21 сағат, аптасына жеті күн сауда-саттық режиміне көшуді жоспарлап отыр.

«Жақын арада Қазақстан нарығында демалыс күндері де сауда-саттық өтетін болады... Қазіргі әлемде оқиғалар үнемі – еш айырмашылықсыз, жұмыс күнінде, демалыста да болып жатады. Криптобиржалар сұраныстың бар екенін көрсетті, клиенттер демалыс күндері еш қиындықсыз сауда жасай береді, сондықтан біз де сауда-саттық жүргізетін боламыз. Баршаңызды моральдық әрі физикалық тұрғыдан дайындалып, клиенттерге демалыс күндері де сауда жасауға мүмкіндік беруге шақырамын», – деді Горюнов.

Бүгінгі таңда сауда алаңында сауда-саттық аптасына бес күн өтеді және Астана уақытымен сағат 09:00-ден бастап келесі күнгі 03:45-ке дейін, яғни шамамен 19 сағатқа жалғасады.

Горюнов атап өткендей, ITS алаңының артықшылықтарының бірі – бірыңғай инфрақұрылым арқылы әртүрлі нарықтардың құралдарымен сауда жасау мүмкіндігі. Сауда алаңына қатысушылар бір техникалық қосылым аясында халықаралық және қазақстандық бағалы қағаздарға, валюталық құралдарға, РЕПО және деривативтерге қол жеткізе алады.

«Бір техникалық сетапта, бірыңғай ақшалай және бағалы қағаздар шотындағы позиция арқылы әртүрлі құралдармен: халықаралық бағалы қағаздармен, қазақстандық бағалы қағаздармен, форекспен, РЕПО мәмілелерімен, қазақстандық қаржы өнімдерімен және енді деривативтермен де сауда жасауға болады. Негізінде, мұндай нұсқаны басқа жерден табу іс жүзінде мүмкін емес. Өзіңізге қажетті құралды бізден табу ықтималдығы өте жоғары», – деп атап өтті Горюнов.

«Қазақстанның капитал нарығы: инвестициялық идеялар және эмитенттер мен инвесторлардың тәжірибелік кейстері» атты сессияда Горюнов сондай-ақ ITS-тің шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығына тартудағы рөлі туралы айтып берді. Мыңдаған халықаралық құралға қол жеткізу мүмкіндігі сауда алаңына әртүрлі елдерден инвесторларды тартады. Олар ITS қатысушылары арқылы Қазақстан бағалы қағаздарына да қол жеткізеді.

«Біз өз миссиямыз мынада деп білеміз: мыңдаған халықаралық құрал саудаланатын алаң құру арқылы біз әлемнің көптеген елінен инвесторларды тартатын орталық қалыптастырдық. Қазір ITS алаңында 123 елдің инвесторлары сауда жасайды», – деп түсіндірді Горюнов.

Халықаралық бағалы қағаздармен сауда жасау үшін ITS-ке қосылған брокерлер клиенттеріне дәл сол инфрақұрылым арқылы қазақстандық қаржы құралдарына да қолжетімділік бере алады.

«Біз Қазақстан нарығында қосымша өтімділік жасап жатырмыз, қазірдің өзінде ол қазақстандық жергілікті құралдардың өтімділігінің артуына әсер етіп отыр және алдағы уақытта да септігін тигізеді», – деді Горюнов.

Оның сөзіне қарағанда, қайталама нарықтағы сауда-саттық айналымы бойынша Қазақстан қазірдің өзінде Прага мен Варшаваны басып озып, Вена көрсеткіштерімен салыстырарлық және Дубай мен Әбу-Дабиге жақындап келеді.

«Қазір Қазақстан шағын нарық емес. Бұл үлкен нарық және біз әрдайым үлгі ретінде қарастырған кемелденген Еуропа нарықтарымен және басқа да қаржы орталықтарымен салыстырарлық деңгейде», – деп сөзін қорытындылады Горюнов.