Стандартты такси бағасының арзандығы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 105 елдің ішінде 13-орында. ҚР-дағы 1 км стандартты тариф 0,35 АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды energyprom.kz.
ТМД елдері арасында Қазақстандағы тариф ең жоғарылардың бірі. Әзірбайжанда ғана баға Қазақстаннан жоғары (1 км-ға 0,59 АҚШ доллары). Салыстыру үшін: Беларусь пен Өзбекстанда тариф 0,2 доллар, Украина* мен Молдовада – 0,22 доллар, Арменияда – 0,25 доллар, Ресейде – 0,3 доллар.
Ең арзан такси Пәкістанда (0,19 доллар), ең қымбаты Швейцарияда (4,02 доллар), Кувейтте (3,25 доллар) және Сальвадорда (3 доллар).
Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың кірісі 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 2,45 млрд теңгеден 2,59 млрд теңгеге жетті.
Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында (1,08 млрд теңге), одан кейін елордада (641,4 млн теңге) және Алматыда (431,2 млн теңге) тіркелді.
Жыл басынан бері 1,3 млрд жолаушы такси қызметін пайдаланды, бұл былтырғыдан 10,9% көп. Шілдеде 185,6 млн жолаушы такси қызметін пайдаланды. Көрсеткіш былтырғы шілдеден 1,7% көп.
Биылғы жылдың шілде айының қорытындысы бойынша, ҚР-да былтырдан бері такси бағасы 10,5% қымбаттады.
Өңірлер бойынша баға ең көп Түркістан облысында өсті: былтырғыдан 28,2% артық. Екінші және үшінші орында Алматы және Атырау облыстары иеленді: тиісінше 28,1% және 19%.
Ең аз жылдық өсім Ақмола облысында тіркелді: бар болғаны 0,5%. Тағы екі облыста – Ақтөбе мен Қарағандыда баға былтырғы деңгейде қалды.