Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 3.9 млн жеңіл автомобиль тіркелген. Соңғы 20 жыл ішінде автокөлік саны 3 есеге өскен.
Jusan Analytics зерттеу орталығының командасы Қазақстанның автомобиль нарығын талдап шығып, оның ерекшеліктерін айқындады. Белгілі болғанындай, қазір елімізде тіркелген автомобильдердің негізгі бөлігінің айдалғанына 10 жылдан асқан. Олардың үлесі жеңіл автокөліктердің 70%-дан астамын құрайды. Екінші орында шығарылғанына 7 жылдан жоғары, бірақ 10 жылға жетпейтін автомобильдер. Автомбильдердің дәл осы санаты негізінен импорт және өндіріс арқылы толықтырылады.
«Айталық, 2006-2007 жылдары еліміздің автомобиль нарығы орташа бағасы 3-5 мың доллар тұратын автокөліктермен (ағымдағы бағамы бойынша 1.3-2.2 млн теңге) рекордтық көлемде толықтырылды – жылына шамамен 400 мың автомобиль жеткізіліп отырды. Бұл шамамен қазіргі кезде «10 жыл және одан жоғары» санатындағы автокөліктерге деген сұранысқа сәйкес келеді», - дейді Jusan Analytics аға талдаушысы Тимур Дауранов.
Оның айтуынша кейінгі жылдары автомобильдің бағасы 15-20 мың долларға жеткен соң, (ағымдағы бағам бойынша 6.7-8.9 млн теңге) сұраныс 2 есеге жуық қысқарып кетті. Сөйтіп жеткізілетін көліктер саны жылына бар болғаны 150-200 мың бірлікті ғана құрайтын болды.
2016 жылы бағалардың өсуі салдарынан ішкі нарықты толықтыру елеулі түрде қысқарып кетті – импорт пен өндіріс жылына 79 мың автомобильді ғана құрады (орташа деңгейден айтарлықтай төмен). Осы кезеңнен бастап, импорттың бағасы Қазақстанда жасап шығарылатын автокөліктердің бағасына теңесті деуге болады. Бұл шамамен 7.5-9.5 млн теңге (16-20 мың доллар).
«Қазақстанда жаңа автомобильдерді сату көлемінің өте төмен болуы және олардың қымбаттылығы қайталама нарықта барлық санаттағы азаматтардың сұраныстарын лайықты көлемде қанағаттандыра алмайды. Осыған байланысты сатып алу-сату мәмілелерінің 60%-ы бұрын айдалған және шығарылғанына 10 жылдан аспаған автокөліктермен жасалады», – дейді Jusan Analytics аға талдаушысы Т. Дауранов.
Бүгінде отандық нарықта әрі сапалы әрі арзан автомашиналардың тапшылығы байқалуда. Өйткені 2016 жылдан бері нарықтың дәл осы сегменті импорт арқылы толықтырылудан қалды.
«Автокөлік сату туралы хабарландырулар жарияланатын сайтта бір жолға шамамен 170 мың автомобиль сатылымға қойылады екен. Олардың шамамен 65%-ы – айдалғанына 10 жылдан асқан көліктер. Атап өту керек, сатылымға ұсынылған барлық автокөліктердің 20%-ы кедендік тұрғыда тазартылмаған, яғни олардың тіркеу нөмірлері шетелдік, көбінесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізіледі. Олардың басым бөлігі 10 жылдан асқан автомобильдерге жатады», – деді Т. Дауранов.
Қайталама нарықта кедендік бақылаудан өтпеген, кедендік баж салығы төленбеген автомобильдердің көпшілігі Toyota мен Lada. 1980-2010 жылдары шығарылған автомобильдердің ішінде олардың алар үлесі сәйкесінше 24% және 54%. Демек, Lada автомобильдерінің жартысы Қазақстанның емес, шетелдің тіркеуінен өткендер.
«Бірнеше жылдан бері ресми сату арналары арқылы негізінен Өзбекстанда және Кореяда жасалған кішігірім автокөліктер – еуропалық жіктелім бойынша В және С сыныптары сатылып келеді. Болашақта елдердің ұсталған автокөліктер нарығында негізінен айдалғанына 10 жыл және одан жоғары болған кішігірім автокөліктер және 30 жылдан асқан аралас-құралас автокөліктер сатылуы мүмкін», – дейді Т. Дауранов.
Қызықты фактілер:
- зауыттан шыққанына 20 жыл болған Toyota-ның бағасы су жаңа Chevrolet-тің бағасымен бірдей;
- Mercedes-Benz және Volkswagen автомобильдері қайталама нарықта өте танымал және олар жаңа автомобильдер сегментінде сатып алынбайды десе де болады. Осы ретте бұл маркалардың ең танымал модельдерінің шығарылған уақыты 30 жыл және одан да жоғары уақытты алады.
- Lada қайталама нарықта автомобильдерді сату бойынша 2-ші орында келеді. Бірақ ол бағасы арзандау болса да бастапқы нарықта бағасы екі есе жоғары болатын (мысалы, Toyota) басқа маркалы автокөліктердің сатылымына мүлдем ілесе алмайды.