Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын бастауға арналған салтанатты шара өтті. Бұл жобамен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы айналысады.

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Қазақстандық атом электр станциялары» (ҚАЭС) компаниясы – Қазақстандағы болашақ АЭС-тердің операторы. Алайда ҚАЭС Атом энергетикасы агенттігінің сенімді басқаруына берілген.

Халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» таңдалды. Ресейлік компания консорциум құрамында станция құрылысын жүргізіп, кейін оны Қазақстан тарапына тапсырады.

Салтанатты рәсімде Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» басшысы Алексей Лихачев арнайы батырманы басып, іздестіру жұмыстарының басталғанын жариялады. Бұдан кейін топырақ алу мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, алынған капсула ресми түрде зерттеу үшін Ресей жағына табысталды.

АЭС-тің жалпы қуаты 2,4 ГВт болады және ол Балқаш көлінің жағасында салынады. Оның құны шамамен 14–15 млрд АҚШ долларын құрайды, деп мәлімдеді Сәтқалиев.

«Бүгінгі салтанатты шара инженерлік-іздестіру жұмыстарының басталуын білдіреді. Бұл – Қазақстандағы АЭС құрылысындағы аса маңызды дайындық кезеңі. Бұл кезең тек нақты алаңды және станцияның конфигурациясын таңдаумен ғана шектелмей, бүкіл жобаның қауіпсіздігі, сенімділігі мен экономикалық тиімділігіне тікелей әсер етеді», – деді Сәтқалиев.

Екінші және үшінші АЭС-терді салу бойынша консорциумның көшбасшысы болып Қытайдың CNNC компаниясы танылды. Алайда бұл станциялардың нақты орналасатын жері, қуаты және іске қосылу мерзімі әлі жарияланған жоқ.

Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Қытайдың CNNC компаниясы екінші АЭС-ті Ресейдің «Росатом» корпорациясынан жылдамырақ сала алады деген болжамын жоққа шығармады.