Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Total Eren S. A Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды министрлік.

Қол қойылған құжат Қазақстан аумағында жалпы қуаты шамамен 1ГВт болатын, жел энергиясын пайдаланатын гибридті электр станцияларын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған. Бұл ретте жобада энергияны шоғырландыру, жинақтау және сақтау технологияларына негізделген энергияны жинақтау жүйесін пайдалану жоспарлануда.

Өз кезегінде Total Eren S. A компаниясы осы жобаны іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарынан қаржыландыруды тарту бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде электр энергиясын сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымы бар жобаның қуаты 200 МВт құрайды. Жобаны 2024 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланып отыр.

«Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуінің бекітілген тұжырымдамасына сәйкес Энергетика министрлігі жаңартылатын энергетика секторын жоспарлы түрде дамытуда. Бұл әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлері үшін маңызды. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайынбыз», - деді Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.

«Бүгінде әлемдік энергетика саласы үлкен өзгерістер қарсаңында тұр. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» жаһандық энергетикалық нарықтың қатысушысы ретінде энергияға көшу және баламалы энергетиканы дамыту бойынша перспективаларды зерделеуде. Біз қазірдің өзінде 2031 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасын әзірлеп, қабылдадық. Біз жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыруға мүдделіміз және «жасыл» энергетиканы біздің қызметімізді декарбонизациялау бойынша барынша әлеуеті бар бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті ҚМГ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев.