Қазақстандықтардың алған тұтынушылық несиелерінің жалпы көлемі Ұлттық Банктің деректері бойынша 13.4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 2.6 трлн теңгені немесе 25%-ды құрады. Ал өткен жылғы өсім 3.2 трлн теңгеге немесе 43%-ға жеткен еді. Айта кетелік, тұтынушылық несиелердің құрамында автокредиттер, кепілді және кепілсіз несиелер бар.

Бөліп төлеу

Қазір ел арасында бөліп төлеуге болатын тұтынушылық несиелер өте танымал болуда. 2022 жылдың 3-тоқсанында кепілзатсыз тұтынушылық несиелерге деген сұраныс 10%-ға өсті. Ал өтінімдердің жалпы саны 12 млн дананы құрап, тарихи рекордтық көрсеткішті жаңартты. Бұған халықтың тұтынушылық шығындарының артуы себеп болды.


Осы ретте өтінімдердің саны артқанымен мақұлдау деңгейі 38% деңгейінде қалып отыр. Яғни, банктер келіп түскен 10 өтінімнің тек 3-4-ін ғана мақұлдайды деген сөз. Кепілзатсыз тұтынушылық несиелерге деген өтінімдердің орташа сомасы да 17%-ға артып, 669 мың теңгені құрады (Қазақстан бойынша орташа жалақыдан 2.2 есе жоғары). Бұл жалпы инфляцияның шекті деңгейіне сәйкес келеді.      

Ипотека

Соңғы 2 жылда сұраныстың артуы салдарынан ипотекалық несиелер портфелі 2 есеге артты. Алайда банктер тарапынан мақұлдау деңгейі керісінше төмендеп жатыр. 2022 жылы орташа мақұлдау деңгейі 43%-ды құрады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде орташа мақұлдау деңгейі 76% болған еді. Тұрғын үй бағасы озық түрде өсіп, ал халықтың нақты табыстарының өсімі төмен болып тұрған шақта өтінімдерді мақұлдау деңгейі төмендеуде.


Автокөлік сатып алуға несиелер

Үшінші тоқсанда автокөлік сатып алуға арналған несиелерге деген сұраныс арта түсті. Дегенмен банктер тарапынан мақұлдау деңгейі төмен екендігін байқаймыз. 2022 жылы орташа мақұлдау деңгейі 11%-ды құрады. Бұл басқа жеке қолға берілетін несиелер бойынша мақұлдау деңгейлерінен едәуір төмен.


Түптеп келгенде жеке қолға берілетін несиелердің артауының басты қозғаушы күші – тұтынушылық несиелер. Бұған халықтың инфляциялық болжамының қазіргі деңгейі де әсер етуде. Сондай-ақ банктердің жарнамалық науқаны да тұтынушылық несие берудің артуына септігін тигізеді. Соның нәтижесінде бөлшек сауда несиелерінің портфелі одан әрі ұлғая түсуде.