2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 424 шетел азаматы еңбек етеді.
Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 617 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 224 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 020 және 926 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 506 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 131 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар. Оларда 398 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 651 адам, Түркия – 1 853 адам, Өзбекстан – 1 605 адам, Үндістан – 1 577 адам, Ұлыбритания – 1 113 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.