«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәліметі бойынша, 2024 жылғы күздің алғашқы айында Қазақстан аумағында ресми дилерлер 17 888 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль саудалады, бұл тамызбен салыстырғанда 0,4% жоғары көрсеткіш. Жалпы тоғыз айда 137 106 автомобиль өткен (-0,7%).

«Үшінші тоқсанда әдеттегідей сауда көлемі екінші тоқсанға қарағанда жоғары болды, оған қоса, көрсеткіш былтырғы нәтижеге теңесуін жалғастырып жатыр. Бірақ жалпы 2024 жыл автомобиль нарығы үшін үлкен өзгеріссіз, бірқалыпты кезең болады, мұны біз өткен жылдың аяғынан бері көріп отырмыз», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Қыркүйекте жергілікті автонарықта дәстүрлі түрде Hyundai (4 218, 2024 жылдың тамызымен салыстырғанда -3,4%) алға шықты. Екінші жүлдені 3 027 моделі сатылған Chevrolet алды (+26%). Үшінші орынға тұрақтаған Kia-ның 1 953 көлігі иесін тапты (+18,7%). 

Әрі қарай тізімде Chery (1 324, +7,7%), Toyota (965, -5,2%), Haval (883, -1,8%), Geely (750, -16,8%), Jac (747, -27,8%), Jetour (705, -21,1%) және Changan (577, -12,3%) бар.

Қыркүйекте аса танымал болған модельдер тізімінде өзгеріс байқалды. Ұзақ үзілістен кейін Chevrolet Cobalt (2517) қайта көш бастады. Hyundai Tucson (1 780) екінші орынды иеленсе, үштікті Hyundai Elantra (700) түйіндеді. Төртінші сатыға Hyundai Santa Fe (594) жайғасты. Ал Kia Sportage (551) бесінші қатардан көрінді. 

Содан кейін тізімде Chery Tiggo 2 (545), Kia K5 (476), Chery Tiggo 7 Pro (432), Hyundai Sonata (396) және Haval M6 (382) тұр.

Тоғыз ай қорытындысы бойынша, нарықтағы үлесі 22,8%-ға жеткен Hyundai (31 214) үздік атанды. Екінші тұрған Kia дилерлері 17 058 модельдің кілтін тапсырған. 15 780 өнімі өткен Chevrolet үшінші сатыға көтерілді. Chery брендінің 10 591 кроссовері мен седаны саудаланған. Jac бесінші орынды ешкімге бермеді (8 106).  

Toyota (7 403) бұл жолы алтыншы орынды қанағат тұтты. Одан бөлек тізімде Haval (6 892), Jetour (6 530), Changan (6 116) және Geely (5 607) бар.