2021 жылдың қазан айында Қазақстандағы дилерлер шамамен 9,3 мың автокөлік сатты. Көрсеткіш былтырғы қазанмен салыстырғанда 3,6% көп.
Салыстыру үшін айта кетейік, Еуропада автокөлік сатылымы 29,3% азайды. Бұл еуропалық нарық тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Микрочиптер тапшылығынан төртінші ай қатарынан автокөлік саудасы төмендеп барады.
2021 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстандағы дилерлер 96,8 мың жеңіл және коммерциялық көлік сатты. Көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 31,9% көп.
Сатылым бойныша ең алда Chevrolet (25 мың), Hyundai (19,4 мың) және Toyota (11,4 мың).
Қытай көліктерінің үлесі нарықтың 2,1%-нан 3,1%-на дейін жетті. Сатылым бойынша ең үздік он бес маркаға қытайдың екі көлігі енді. Олар JAC (сатылым бойынша 10-орында) және Haval (15-орында). JAC көлігінің жыл басынан бері 2,2 мыңы сатылса, халық 833 Haval көлігін иеленген.
Сонымен қатар желтоқсан айынан бастап елде қытайдың тағы бір маркасы Chery сатыла бастайды.
Салыстыру үшін айта кетейік, Қазақстанда сатылған көліктердің 3,1%-ы қытай көлігі болса, Ресейде қытай көлігінің үлесі бір жылда 3,6%-дан 6,3%-ға жетті. Соның ішінде Chery көлігінің сатылымы бір жылда 3,7 есе өсіп 28,8 мыңға жетті.