2022 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ҚР Энергетика министрлігінің жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне жүргізген тексерісі туралы айтты.
ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия шеңберінде жылу электр орталықтарының (ЖЭО) техникалық жай-күйі бойынша талдауды аяқтады. Бүгінгі таңда елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеуде, оның ішінде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірді.
ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Елдің ЖЭО-ның орташа жасы 61 жасты құрайды, оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға артты.
Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг шеңберінде жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд.теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд. теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд. теңгені құрайды.
Жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО бойынша мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО бойынша меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсынылады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы «Тариф орнына инвестиция» өзектілендірілген бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуді орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ электр қуатының дайындығын қолдау жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн.теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет.
Қазіргі уақытта елдегі электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66% құрайды, бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында 81%, Батыс Қазақстан облысында 80%, сондай-ақ Қостанай облысында 74%.
Энергетика ведомствосының басшысы Болат Ақшолақов сөз сөйлеу барысында жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешуді талап ететін шұғыл жүйелі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл – бұрын бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, иесіз электр желілерін анықтау және оларды коммуналдық меншікке қабылдау, құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу және объектілерді одан әрі энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне беру жөніндегі жұмыстарды жандандыру.
Болат Ақшолақов сөзінің соңында ҚР Энергетика министрлігінің негізгі ұсыныстарын атап өтіп, электр станцияларын, жылу және электр желілерін энергетикалық бақылауды жүргізе отырып, Кәсіпкерлік кодекс шеңберінен шығару; тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын қолданбай бақылауды жүзеге асыру; станцияларды, жылу және электр желілерін жыл сайын кемінде 4 рет тексеру; магистральдық жылу желілерін бақылауды әкімдіктерден Министрліктің энергетикалық қадағалау комитетіне беру; нұсқамаларды сот тәртібімен мәжбүрлеп орындату; авариялар мен технологиялық бұзушылықтардың туындауына қарай бақылау жасау; жөндеу жұмыстарына тексеру жүргізу және инвестициялық келісімнің орындалуы; ӘҚБтК-де айыппұлдардың ұлғаюы және оларды кәсіпорынның бірінші басшыларына салу бөлігінде энергетикалық бақылауды күшейтуге бағытталған салалық тәсілдерді қолдауды сұрады.
Қазіргі уақытта Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес субъектілерді тексеру нормативтік құқықтық актілердің талаптары көрсетілетін тексеру парақтары негізінде жүргізіледі. Бірақ тексеру парақтарына НҚА-ға жатпайтын Жергілікті пайдалану нұсқаулықтарында және өндіруші зауыттардың нұсқаулықтарында көрсетілген энергия жабдықтарын пайдалану жөніндегі талаптар кірмеген. Бұл талаптар энергия кәсіпорындары мен тұтынушылардың энергия жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін қолдау үшін міндетті.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Министрлік мемлекеттік энергетикалық қадағалау органының функциясын күшейту бойынша түзетулер дайындап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына енгізді. Сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық бақылау жөніндегі органның штат санын ұлғайта отырып, мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту бөлігінде реттеушілік әсерге талдау жүргізілді.