ҚР-да мектеп тапшылығы, қолданыстағы мектептерде орын жетіспеушілігі, сондай-ақ апатты және тозығы жеткен мектептердің болуы өзекті мәселелердің бірі, деп хабарлайды ranking.kz.
Мәселен, тәуелсіздік жылдарында республика бойынша мектептер желісі 1,4 мыңға – 9 мыңнан 7,6 мыңға дейін қысқарды. Бұл негізінен келешегі жоқ елді мекендердегі шағын мектептердегі оқушылар санының қысқаруына және мектептердің жабылуына байланысты болды. Оқушылар саны 3,7 миллион адамға жетті, оның 2,2 миллионы қала мектептерінде, 1,5 миллионы ауылдық мектептерде. 2022 жылы оқушылар орнының тапшылығы 270 мыңды құрады, оның 174 мыңы қалада, 96 мыңы ауылдарда.
Сонымен қатар, болжам бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарында оқышулар саны 4,3 млн-ға, ал орын тапшылығы 1,12 млн-ға жетпек. Естеріңізге сала кетейік, ҚР-да «100 мектеп құрылысы» жобасы аясында оқушыларға жаңа орындар ашылып жатыр. Соның арқасында 2021-2022 жылдары орын тапшылығын 320,6 мыңға азайтуға мүмкіндік береді деп болжанған. Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін болжамды тапшылық 797,3 мың орынды құрайды.
Жағдайды түзету мақсатында ҚР-да «Жайлы мектеп» ауқымды ұлттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 401 жаңа мектеп салынады. Бұл 800 мыңнан астам заманауи оқушылар орнын құруға және үш ауысымды толығымен жоюға мүмкіндік береді.
Еске салайық: 2022 жылдың басына қарай бүкіл елде 6,9 мың күндізгі мемлекеттік мектеп болды – бұл күндізгі жалпы білім беретін мектептердің 93%-ы және республиканың барлық жалпы білім беретін мектептерінің 92%-ын құрайды. Мемлекеттік күндізгі мектептердің 476-сы немесе 6,8%-ы күрделі жөндеуді қажет етеді, тағы 35 мектеп, яғни 0,5%-ы апатты жағдайда болды.
2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, 37 мектеп апатты деп танылды. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 710 мектеп тозған, 177 мектеп пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен. ҚР-дағы мектептердің 239-ы саманнан, 69-ы ағаштан, 5-і қамыстан салынған. 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Сонымен қатар, 142 мектеп (немесе жалпы мемлекеттік күндізгі мектептердің жалпы санының 2,1%-ы) үш ауысымда білім береді (2021 жылдың аяғында мұндай мектеп 169 болды).