Орта тап өкілдері қай мемлекеттің болмасын, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының кепілі екені белгілі. Олар кімдер? Ресми мәліметтер бойынша айлық табыстары жоғары сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, ипотекалық несиелерді төлеуге, ақша жинауға, лайықты білім алуға және бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін жұмыскерлерді орта тап өкілдеріне жатқызуға болады. Қазақстанда олар бар ма? Бар болса алатын табыстары қанша? Jusan Analytics зерттеу орталығы өзінің кезекті зерттеу жұмысында Алматы мен Астана қалаларын мысалға ала отырып, осы сұраққа жауап беруге тырысты.
«Дамыған елдерде орта тап өкілдері табыстарының 40-50%-ын күнделікті негізгі қажеттіліктеріне жұмсайды. Сондықтан біз орта тапқа еліміз бойынша 700 мыңнен 1,2 млн теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлерді жатқыздық. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша Алматы мен Астанада жұмыспен қамтылғандардың тек 4.4%-ы ғана 2022 жылы осындай жалақы алып келген», - дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының аға талдаушысы Александра Молчановская.
Оның айтуынша, Астанада орта тап өкілдеріне 600 мыңнан 1.2 млн теңгеге дейін жалақы алатындар, ал Алматыда 700 мыңнан 1.5 млн теңгеге дейін алатындар жатады. Олардың күнделікті шығындарына айлық жалақыларының 40-50%-ы жұмсалады.
«Астанада орта таптың ауқымы Алматыға қарағанда 2 есе жоғары. Елордада бұл тапқа жұмыскерлердің 8,1%-ы, ал Алматыда жұмыскерлердің 4,7%-ы жатады», - дейді А. Молчановская.
Дегенмен ірі қалаларда жұмыспен қамтылғандардың 90%-дан астамы орта тапқа жатпайды. Әлеуметтік жағынан ең төмен қамтылған азаматтар мен ең жоғары қамтылғандар арасында табыс бойынша айырмашылық 10 еседен асады. Бұл қоғамда әртүрлі тап арасында теңсіздік басым екендігін көрсетеді. Жоғары инфляция да жеке қаржылық тұрақтылыққа және ақша жинақтауға кедергі келтіреді.
«Алматыда жұмыспен қамтылғандардың 51%-ы немесе 464 мың адамның айлық табысы күнделікті қажеттіліктерінен де аз. Бұл санатқа айына 70 мыңнан 200 мың теңгеге дейін табыс табатын адамдар кіреді. Астанада жұмыспен қамтылғандардың 13%-ның жалақасы күнделікті қажеттіліктеріне жетпейді. Олардың табысы 100 мың теңгеден кем. Елордада жұмыспен қамтылғандардың (53%) басым бөлігі 100 мыңан 300 мың теңгеге дейін табыс алатындықтан, олар әлеуметтік жағынан төмен қамтылған топқа жатады», - деді Jusan Analytics аға талдаушысы.
Зерттеу жұмысына сүйенсек, Астана мен Алматы қалалары бойынша жұмыспен қамтылған жалпы 1.2 млн адамның 82%-ы айына 70 мыңнен 400 мың теңгеге дейін жалақы алады. Олар өздерінің күнделікті қажеттіліктерін өтеу барысында әртүрлі қиындықтарға тап болары сөзсіз. Өйткені күнделікті қажеттіліктері табыстың 70%-ынан асып кетуі мүмкін. Жұмыскерлердің табысы пен шығындарының мұндай ара-қатынасы оларды күтпеген жағдайлардың алдында осал, дәрменсіз ете түседі. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді арзан бағасына қарай таңдауға мәжбүрлейді. Бұл әрине, олардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді.
Табысы орта деңгейден жоғары, базалық қажеттіліктерді ғана емес, ақша жинауға, ұзақ мерзімді сатып алулар жасауға, инвестициямен айналысуға мүмкіндігі бар жұмыскерлердің саны жұмыспен қамтылғандардың 2%-ын немесе 28,1 мың адамды құрайды.
«Қазақстанда орта таптан да жоғары сатыда орналасқан, табысы жоғары, әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген азаматтар да баршылық. Алматыда мұндай тап өкілдеріне жалпы жұмыспен қамтылғандардың тек 1,1%-ы ғана жатады. Олардың жалақысы 1,5 млн теңгеден асады, ал ай сайынғы базалық шығындары табыстың 40%-ын құрайды. Ал Астанада мұндай тап өкілдеріне жалпы жұмыспен қамтылғандардың тек 2%-ы жатады. Олардың жалақылары айына 1,2 млн теңгеден асады», - дейді А. Молчановская.