Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляцияның 8-8,5 пайыз, ал ІЖӨ көлемі 1,5 пайыз төмендейтінін айтады.
"Короновирустың кесірінен экономикалық белсенділік бұрынғыдан да қысқарды. Бұл дегеніңіз сұраныстың төмендігінен баға да өспей тұрғанын көрсетеді. Маусым айының қорытындысы бойынша долларлану көлемі 40 пайыз шамасында болды. Осы факторлар біздің базалық мөлшерлемені 9 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Егер биылғы болжанған инфляцияны шегеріп тастайтын болсақ, теңгенің нақты базалық мөлшерлемесі 0,5-1,0 пайыз арасында ғана. Яғни, біз ақша-несие саясатын барынша жұмсарттық", - деді Баймағамбетов.
Баймағамбетов өз сөзінде кей қаржыгерлер мен мамандардың базалық мөлшерлемені 4-5 пайызға дейін түсіру керек деген пікірлері туралы да айтты.
"Базалық мөлшерлемені соншалықты түсіру айтарлықтай теріс ықпал етеді. Егер олай болса, банктер де депозиттің пайызын 4-5 пайызға түсіруі керек. Онда салымшылар жаппай шетел валютасына ауыса бастайды. Тиісінше теңгеге сұраныс төмендейді. Экономика әлсіреп, барлығы валюта нарығында ойнай бастайды. Әсері бастапқы ойлағандағыдан керісінше болады. Қазіргі инфляция базалық мөлшерлемені түсіруге мүмкіндік бермейді. Базалық мөлшерлеме экономикадағы нақты бағаны көрсетуі керек", - деді Ұлттық банк өкілі.
Азық-түлік бағасындағы жоғары инфляцияны ол елде азық-түлік аз өндірілетінімен, сақтау сапасының төмендігімен, тасымал құнымен және дұрыс бәсекелестіктің жоқтығымен түсіндірді.