Бұл туралы бүгін, 18 мамырда, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді.

Мағауовтың айтуынша, әлемдік мұнай нарығында тұрақтылықты және мұнай бағасын қалпына келтіру үшін ОПЕК+ келісіміне қатысушы мемлекеттер өндіруді қысқарту туралы келісімге келді.

Мағауов 2020 жылғы мамыр-маусымда елдер жиынтық өндіруді 9,7 млн.баррельге/тәул. немесе бастапқы деңгейге қатысты 23%-ға қысқартатынын, содан кейін 2020 жылғы шілде-желтоқсан айларында бұл шектеу 7,7 млн.барр/тәул. немесе базалық деңгейден 18%-ды, ал 2021 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін шектеу деңгейі  базалық деңгейден 14%-ды құрайтындығын айтты. – Осы келісім бойынша Қазақстанның міндеттемелері тәулігіне 390 мың баррельді құрайды. Республиканың Үкіметі өндіру көлемін қысқарту бойынша сәйкесінше шешімді қабылдады.

Мағауов атап өткендей, ОПЕК+ келісімі мұнай қоймаларының толып кетуін болдырмау үшін қажет, өйткені ОПЕК коронавирус пандемиясы салдарынан мұнайға әлемдік сұраныстың төмендеуі болжамын нашарлатты:

2020 жылдың 1 тоқсанында сұраныстың тәулігіне  81,3 млн.баррель деңгейіне дейін төмендеуі күтілуде.

- Нарықтың барлық ойыншылары мұнай өндіру көлемін қысқарту шешіміне түсіністікпен қарады, себебі бұл мұнай индустриясының дамуына тың серпін беретін қажетті шара,- деп тұжырымдады сөзін Мағауов.